Дәрігерлердің тапшылығы: Қазақстанда медициналық персоналмен қамтамасыз етілу деңгейі төмендеп барады

Фото: https://www.shutterstock.com/

Дәрігерлермен және орта медициналық персоналмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпейінше, денсаулық сақтау жүйесінің дамуын елестету мүмкін емес. Дәл осы кадрлық әлеует медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін, диагностикалау жылдамдығын, емдеу тиімділігін және бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын айқындайтын басты фактор болып табылады. Халық санының өсуі, урбанизация және медициналық мекемелерге түсетін жүктеменің артуы жағдайында медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі саланың дамуындағы негізгі алғышарттарының біріне айналып отыр.

Бұл көрсеткіштің БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарындағы (ТДМ), оның ішінде №3 ТДМ — «Шымыр денсаулық және әл-ауқат» бағытындағы маңызды индикаторлар қатарына енуі де кездейсоқ емес. Дәрігерлермен және медициналық персоналмен қамтамасыз етілу деңгейі медициналық қызметтердің жалпыға бірдей қолжетімділігіне, өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Сондықтан әлем елдері, соның ішінде Қазақстан да медициналық кадрларды даярлау, білім беру жүйесін дамыту және салаға мамандарды тарту үшін қолайлы жағдай жасау мәселесіне басымдық беріп отыр.

Дегенмен, соңғы жылдары Қазақстанда дәрігерлермен, сол сияқты орта медициналық персоналмен қамтамасыз ету деңгейінің төмендеуі байқалады.

Мәселен, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде 57 мыңнан астам дәрігер тіркелді — бұл өткен жылғы көрсеткішпен шамалас. Алайда кейбір өңірлер бойынша дәрігерлер санының шамалы өзгергені байқалады.

Бұл ретте, еліміздегі дәрігерлердің жалпы саны іс жүзінде өзгеріссіз қалғанымен, олардың жан басына шаққандағы қамтамасыз етілу көрсеткіші біртіндеп төмендеп келеді — бұл алаңдатарлық үрдіс. Мәселен, 10 мың тұрғынға шаққандағы дәрігерлер саны бір жылда — 2025 жылдың бірінші тоқсанында 28,2-ден 2026 жылдың бірінші тоқсанында 27,9-ға дейін азайған. Бұл — мәселенің бір бөлігі ғана. Мұнымен қоса өңірлік диспропорция мәселесі де өзектілігін жоғалтпай отыр.

Мәселен, еліміздегі 20 өңірдің тек 6 өңірінде ғана дәрігерлермен қамтамасыз етілу көрсеткіші республикалық орташа деңгейден жоғары. Атап айтқанда, Астанада 10 мың тұрғынға 41,8 дәрігерден келеді (ел бойынша орташа көрсеткіштен 50%-ға жоғары), Алматыда — 36,7 дәрігер (орташа көрсеткіштен 31,6%-ға жоғары), Қарағанды облысында — 34,7 дәрігер (орташа көрсеткіштен 24,4%-ға жоғары). Ал халық тығыз қоныстанған Алматы облысында 10 мың тұрғынға шаққанда бар-жоғы 20,2 дәрігерден ғана келеді — бұл ел бойынша ең нашар көрсеткіш (орташа мәннен 27,5%-ға төмен). Осыған ұқсас жағдай Маңғыстау облысында 10 мың тұрғынға — 20,2 дәрігер, Жамбыл облысында — 21,5, Қостанай облысында — 21,8, ал Ақмола облысында 22 дәрігерден келеді.

Дәрігерлермен қамтамасыз етілу динамикасында да алшақтық байқалады: кей өңірлерде бұл көрсеткіш бір жылда төмендесе (мысалы, Астанада бірден 7,6%-ға), басқа өңірлерде, керісінше, 5%-дан астамға өскен. Толығырақ төмендегі инфографикада көрсетілген.

Салыстыру үшін айта кетейік: бүгінде Қазақстанда 10 мың тұрғынға шамамен 28 дәрігерден келсе, мысалы, Беларусьте — 47,2 дәрігерден (2023 жылдың қорытындысы бойынша), Ресейде — 51,1 (2022 жылдың қорытындысы бойынша), Грузияда 56,4 дәрігерден (2023 жылдың қорытындысы бойынша) келеді. Ал Литва, Бельгия, Грекия, Дания, Мальта және Монако елдерінде бұл көрсеткіш 10 мың тұрғынға шаққанда 60 дәрігерден асады.

Дәрігерлердің тапшылығы: Қазақстанда медициналық персоналмен қамтамасыз етілу деңгейі төмендеп барады

Сонымен қатар орта медициналық персоналмен қамтамасыз етілу деңгейінің де төмендегені байқалады. Бұл санатқа мед.бикелер мен ағалар, фельдшерлер, акушерлер, рентген-зертханашылар мен басқа да мамандар жатады.

Мәселен, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде әр 10 мың тұрғынға 76 орта медициналық жұмыскерден келді — бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,4%-ға аз (2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 10 мың адамға 77,9 ОМЖ келген болатын). Бұл ретте түйткілді мәселелер: орта медициналық персонал санының азаюымен қатар, айтарлықтай өңірлік теңсіздік мәселесі сол күйінде қалып отыр. Толығырақ ақпарат төмендегі инфографикада көрсетілген.

Еліміздегі дәрігерлердің жалпы санының сақталғанына қарамастан, Қазақстан жан басына шаққандағы медициналық кадрлармен қамтамасыз етілу деңгейінің біртіндеп төмендеуімен бетпе-бет келіп отыр. Халық санының өсуі және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің артуы аясында бұл үрдіс медициналық көмектің сапасына да, қызметтердің қолжетімділігіне де, әсіресе дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші ең төмен өңірлерде үлкен сынақ болуы мүмкін.

Өңірлік дисбаланстың сақталуы қосымша алаңдаушылық туғызып отыр: медицина мамандарының басым бөлігі ірі қалалар мен жекелеген облыстарда шоғырланған, ал бірқатар аймақтарда кадр тапшылығы әлі де сезіліп келеді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл жағдай халықтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіндегі теңсіздікті күшейтуі мүмкін.

Мұндай жағдайда жаңа мамандарды даярлау, медициналық білім беруді дамыту, мамандық тартымдылығын арттыру, сондай-ақ дәрігерлерді өңірлерде жұмыс істеуге ынталандыру шаралары ерекше маңызға ие болады. Денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы, сонымен қатар елдің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу қабілеті бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан кадрлық саясаттың тиімділігіне тікелей байланысты.

Дәрігерлердің тапшылығы: Қазақстанда медициналық персоналмен қамтамасыз етілу деңгейі төмендеп барады