Жоғары мөлшерлеме және салымды аз сомамен ашу мүмкіндігі: жинақ депозиттерінің қандай артықшылықтары бар?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Базалық мөлшерлеме әлі де жоғары болғандықтан, соңғы жылдары Қазақстанда депозиттер жинақты сақтап қана қоймай, одан табыс табудың да тиімді жолына айналды. Соның нәтижесінде халықтың банк депозиттеріне деген сұранысы артты.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың ҚР ЕДБ-дағы салымдарының көлемі алғаш рет 30 трлн теңгеден асты. Бір жылда бұл сома 18,5%-ға немесе 4,7 трлн теңгеге ұлғайды.

Салымшылар әлі де көбіне жинақ депозиттерін таңдайды: мұндай өнімдердің ерекшеліктеріне байланысты банктер олар бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін ұсынады. Қазіргі таңда ең тиімді шарттар үш айлық депозиттер бойынша ұсынылады. Сондықтан әрі қарай осындай мерзімге ұсынылатын депозиттерді қарастырамыз.

Жеке тұлғалар салымдарының көлемі бойынша ірі 10 банктің тоғызы 3 ай мерзімге толықтыруға болатын, бірақ ақшаны ішінара шешіп алуға мүмкіндік бермейтін жинақ салымдарын ұсынады. Бұл тізімге тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істейтін Отбасы банк енгізілген жоқ. Мұндай депозиттің екі артықшылығы бар: жинақты тұрақты түрде толықтырып отыруға әрі жоғары мөлшерлеме есебінен жақсы табыс алуға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы ірі ЕДБ арасында бұл сегмент бойынша ең жоғары мөлшерлемені Home Credit Bank «Жинақ Хоум+» өнімі бойынша ұсынады: СЖТМ — 19,6%. Депозитті мобильді қосымшада бірнеше минут ішінде ашуға болады. Өнімнің тағы бір ерекшелігі — сыйақының күн сайын капиталдандырылуы, яғни, есептелген пайыз салым сомасына тұрақты түрде қосылып отырады. Бұдан бөлек, депозитті толықтыру операцияларының саны мен қосымша салым сомасына шектеу қойылмаған.

Мөлшерлеме бойынша екінші орында Freedom Bank-тің «Стратегия» өнімі тұр: СЖТМ — 19,51%. Одан кейін «TURBO Deposit Жинақтаушы» салымын ұсынатын Еуразиялық банк орналасқан, бұл өнім бойынша СЖТМ 19,03%-ды құрайды.

Тағы төрт банк — Bereke Bank, Bank RBK, ForteBank және Kaspi Bank 19% мөлшерлеме ұсынады. Осылайша, қарастырылып отырған үш айлық жинақ депозиттері арасында 19% — бүгінде ең жиі кездесетін СЖТМ.

Бұл сегменттегі СЖТМ орта есеппен 18,77%-ды құрайды.

Алайда депозит таңдағанда мөлшерлеме ғана маңызды емес. Салым ашу үшін қажет ең төменгі соманың да мәні зор. Жоғары табыс әкелгенімен, кейбір қаржы институттары салым ашу үшін айтарлықтай жоғары бастапқы сома белгілейді. Алайда барлық банкте мұндай талап жоқ: кейбір банктер, соның ішінде жоғары мөлшерлеме ұсынатындары да, депозитті аз сомамен ашуға мүмкіндік береді.

Мәселен, Home Credit Bank-тің «Жинақ Хоум+», Еуразиялық банктің «TURBO Deposit Жинақтаушы» және Банк ЦентрКредиттің Birge+ өнімдері бойынша депозитті 1 мың теңгеден бастап ашуға болады. Ал Банк ЦентрКредиттің «Менің мақсатым» депозиті бойынша бастапқы сома бұдан да төмен: оны небәрі 1 теңгеден бастап ашуға болады.

Демек, бүгінде салымшыларға жоғары мөлшерлемелермен қатар жинақ қалыптастыруға қолайлы шарттар да ұсынылады. Жоғары мөлшерлеме, депозитті толықтыру мүмкіндігі және аз бастапқы сома үш айлық жинақ депозиттерін қысқа мерзімге ақша жинауға тиімді етеді.

Депозит шарттары туралы толығырақ төмендегі ақпараттық кестеде берілген.

Жоғары мөлшерлеме және салымды аз сомамен ашу мүмкіндігі: жинақ депозиттерінің қандай артықшылықтары бар?

Жинақ депозиттерінің ерекшелігі неде?

Жинақ депозиттерінің өзіндік ерекшеліктеріне де тоқталайық. Олардың басқа салым түрлерінен басты артықшылығы — табыстылығының жоғары болуы, бұл қаражатты пайдалану мүмкіндігінің шектеулі болғаны үшін берілетін өзіндік өтем деуге болады. Ақшаны кез келген уақытта еркін шешіп алуға болатын депозиттерден айырмашылығы, жинақ салымдарында қаражатты мерзімінен бұрын алу шарттары қатаңырақ. Сондықтан банктер мұндай салымдар бойынша жоғары сыйақы ұсына алады.

Жинақ депозиттерінің тағы бір маңызды артықшылығы — Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) тарапынан берілетін кепілдік мөлшерінің жоғары болуы. Теңгедегі жинақ салымдары бойынша бір банктегі бір салымшыға берілетін кепілдіктің ең жоғары сомасы 20 млн теңгені құрайды, бұл — депозиттік өнімдер арасындағы ең жоғары қорғаныс деңгейі. Салыстыратын болсақ, басқа депозиттер бойынша кепілдіктің шекті сомасы төмен: теңгедегі карточкалар, шоттар және жинақ депозиттеріне жатпайтын салымдар — 10 млн теңгеге дейін, ал шетел валютасындағы депозиттер — 5 млн теңгеге дейін.

Осылайша, жинақ депозиті салымшы үшін екі негізгі артықшылықты қатар ұсынады: жоғары табыстылық және ҚДКБҚ кепілдігінің ең жоғары мөлшері. Бұл әсіресе қомақты қаражат салып, жоғары сыйақы алумен қатар жинағының қосымша қорғалуын қалайтын клиенттер үшін маңызды.

Жинақ депозиті негізінен өз қаражатын қандай мерзімге дейін пайдаланбайтынын алдын ала білетін салымшыларға арналған. Ақшаға жедел қол жеткізу қажеттілігі неғұрлым аз болса, мұндай депозит соғұрлым тиімді болуы мүмкін. Ал толықтыру мүмкіндігі салым сомасын біртіндеп арттырып, соған сәйкес болашақ табысты да көбейтуге мүмкіндік береді.

Нарықта депозиттердің басқа да түрлері, атап айтқанда, мерзімді және талап етілмелі салымдар бар. Олардың негізгі айырмашылығы — қаражаттың қолжетімділік деңгейі мен табыстылығында. Мерзімсіз депозиттер әдетте салымшыға ақшасын еркінірек пайдалануға мүмкіндік береді, алайда олар бойынша мөлшерлемелер, көбіне, төмен болады. Ал мерзімді депозиттер осы екеуінің ортасында: қаражатты белгілі бір мерзімге орналастыруға әрі салыстырмалы түрде икемді шарттарды сақтауға мүмкіндік береді.

Ал жинақ депозиттерінде басты басымдық табыстылыққа беріледі. Қаражатты ішінара алуға қойылатын шектеулер банктерге өздерінің ресурстық базасын тиімдірек жоспарлауға, ал салымшыларға жоғары сыйақы алуға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай өнім белгіленген мерзім ішінде қажет болмайтын қаражатты орналастыруға қолайлы.

Жинақ депозиттерінің тағы бір артықшылығы — түсетін табысты алдын ала есептеуге болады. Салымшы қаражатты орналастыру мерзімін, сыйақы мөлшерін және өнімнің негізгі шарттарын алдын ала біледі. Егер шартта сыйақыны капиталдандыру көзделсе, табыс бастапқы салым сомасына ғана емес, бұған дейін есептелген сыйақыға да есептеліп, қосымша кіріс табуға мүмкіндік береді.

Жинақ депозиті — жоғары табыс үшін қаражатқа еркін қол жеткізу мүмкіндігін белгілі бір дәрежеде шектеуге дайын салымшыларға арналған құрал. Мөлшерлемелер жоғары болған кезде оған деген сұраныс арта түседі: мерзімі мен шарттарын дұрыс таңдаған жағдайда, мұндай салым жинақты сақтап қана қоймай, салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде оны едәуір арттыруға мүмкіндік береді әрі ҚДКБҚ тарапынан депозиттік өнімдер үшін көзделген ең жоғары кепілдік мөлшері сақталады.

Жоғары мөлшерлеме және салымды аз сомамен ашу мүмкіндігі: жинақ депозиттерінің қандай артықшылықтары бар?