2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдары 30,67 трлн теңгеге жетіп, депозиттердің жалпы портфелінің 58,8%-ын құрады, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 57,9% болған еді. Бір жыл ішінде халықтың салымдары 4,21 трлн теңгеге немесе 15,9%-ға өсті.
Оның ішінде 30,55 трлн теңге немесе 99,6%-ы депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі халық салымдарына тиесілі. Бір жылда мұндай салымдардың көлемі 4,19 трлн теңгеге немесе 15,9%-ға ұлғайды. Ал ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 25,1 трлн теңгеге жетіп, осы банктердегі жеке тұлғалардың барлық салымдарының 82,1%-ын құрады. Бір жылда олардың көлемі 4,66 трлн теңгеге немесе 22,8%-ға өсті.
Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі халықтың теңгедегі мерзімді және жинақ салымдарының көлемі 22,68 трлн теңгеге жетті, бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 4,56 трлн теңгеге немесе 25,1%-ға артты.
Ұзақ мерзімді салымдардың үлесіне небәрі 8,64 трлн теңге немесе халықтың ұлттық валютадағы барлық мерзімді және жинақ салымдарының 38,1%-ы тиесілі болды. Бір жылда олардың көлемі 646,1 млрд теңгеге немесе 8,1%-ға өсті. Нақтылай кетейік: ҚР Ұлттық Банкінің әдіснамасына сәйкес мерзімі бір жылдан асатын депозиттер ұзақ мерзімді салымдар болып саналады.
Ұзақ мерзімді депозиттер ірі көлемде сауда жасауға, маңызды мақсаттарға қаражатты тиімді жинақтауға мүмкіндік береді, олар көбіне жоғары табыс алып келеді және жалпы азаматтардың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді. Енді депозит нарығының осы маңызды сегментін толығырақ қарастырайық.
Ұзақ мерзімді теңгедегі депозиттердің жылдық өсімі бойынша Отбасы банк абсолютті көшбасшы атанды: банктегі мұндай салымдардың көлемі 832,5 млрд теңгеге (немесе 32,7%-ға) өсіп, 3,38 трлн теңгеге жетті. Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі халықтың барлық ұзақ мерзімді теңгедегі салымдарының 39,1%-ы Отбасы банктің үлесіне тиесілі болды, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 31,9% болған еді. Осылайша, Отбасы банк ұзақ мерзімді салымдардың өсімі бойынша ғана емес, көлемі бойынша да елімізде бірінші орынға шықты.
Мұндай жағдай Отбасы банктің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің (ТҮҚЖЖ) операторы ретіндегі қызметіне байланысты. Бұл жүйе бойынша арнайы депозитте алдын ала қаражат жинап, кейін жеңілдікпен тұрғын үй қарызын алуға болады. Классикалық тұрғын үй қарызын алу үшін келісімшарт сомасының кемінде 50%-ын жинау керек, үш жылдық ең төменгі жинақтау мерзімін сақтау және белгіленген бағалау көрсеткішіне қол жеткізу қажет. Осылайша, ТҮҚЖЖ моделі қаражатты ұзақ мерзім бойы жинақтауға негізделген. Айта кетерлігі, бүгінде Отбасы банктегі қолданыстағы депозиттер саны 4,33 млн-ға жетті. Банк осы уақытқа дейін 721,6 мың қарыз берген, оның 171,6 мыңы мемлекеттік бағдарламалар аясында ұсынылған. Қазақстанның экономикалық белсенді халқы арасындағы ТҮҚЖЖ қатысушыларының үлесі шамамен 39,6%-ды құрады.
Тағы бір маңызды жайт: тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің (ТҮҚЖЖ) басты артықшылықтарының бірі – мемлекет жыл сайын төлейтін сыйлықақы. Оның мөлшері 20%-ды құрайды және 200 АЕК-тен аспайтын сомаға есептеледі. Биыл мемлекеттік сыйлықақының ең жоғары мөлшері 173 мың теңгені құрайды. Оны толық көлемде алу үшін депозитте бір жыл ішінде кемінде 865 мың теңге жинау керек немесе шотты осы сомаға толықтыру қажет. 2026 жылдың қорытындысы бойынша есептелген сыйлықақы 2027 жылдың бірінші тоқсанында депозитке аударылады.
Банк нарығына қайта оралайық. Ұзақ мерзімді теңгедегі депозиттердің жылдық өсімі бойынша екінші орынды ForteBank иеленді. Банктегі мұндай депозиттердің көлемі 134 млрд теңгеге (немесе 4,2 есеге) өсіп, 176,4 млрд теңгеге жетті. Үшінші орынға Freedom Bank орналасты, банк ұзақ мерзімді теңгедегі депозиттер портфелін 88,3 млрд теңгеге (немесе 73,3%-ға) ұлғайтып, 208,6 млрд теңгеге жеткізді.
Үздік бестікке Home Credit Bank пен Bank RBK да кірді. Бірінші банкте ұзақ мерзімді теңгедегі депозиттердің көлемі 60,3 млрд теңгеге (немесе 14,4 есеге) өсіп, 64,8 млрд теңгеге жетті, ал екінші банкте бұл көрсеткіш 29,4 млрд теңгеге (немесе 36,1%-ға) ұлғайып, 110,9 млрд теңгені құрады.

Салыстырайық, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі халықтың ұлттық валютадағы қысқа мерзімді салымдарының көлемі 14,04 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 3,91 трлн теңгеге немесе 38,6%-ға өсті. Қысқа мерзімді депозиттердің үлесіне осы банктердегі халықтың теңгедегі барлық салымдарының 56%-ы, ал мерзімді және жинақ салымдарының 61,9%-ы тиесілі болды.
Ал шетел валютасындағы жеке тұлғалардың депозиттеріне келсек, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде олардың көлемі бір жыл ішінде 476,4 млрд теңгеге (немесе 8%-ға) қысқарып, 5,45 трлн теңгені құрады. Халықтың осы банктердегі барлық салымдарындағы олардың үлесі 22,5%-дан 17,9%-ға дейін төмендеді. Оның ішінде шетел валютасындағы мерзімді және жинақ салымдарының көлемі 382,1 млрд теңгеге (немесе 8%-ға) азайып, 4,38 трлн теңгеге жетті.

Депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін еске сала кетейік. Бұл жүйе банк лицензиясынан айырылған жағдайда халықтың жинақ ақшасын қорғауға арналған. Оның операторы — Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ), қор заңнамада белгіленген шекті мөлшерде салымшыларға кепілдік берілген өтемақы төлейді.
Жүйеге халықтың депозиттерін қабылдауға және жеке тұлғаларға шот ашуға құқығы бар ЕДБ (ислам банктері кірмейд) қатысады. Кепілдік жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банктік депозиттерде, ағымдағы шоттарда және төлем карточкаларында орналастырылған қаражатына, оның ішінде шетел валютасындағы қаражатқа да қолданылады.
Кепілдіктің ең жоғары мөлшері депозиттің түрі мен валютасына байланысты. Теңгедегі жинақ салымдары бойынша ол 20 млн теңгені, ұлттық валютадағы басқа депозиттер мен шоттар бойынша 10 млн теңгені, ал шетел валютасындағы депозиттер мен шоттар бойынша 5 млн теңгенің баламасын құрайды.
Егер салымшының бір банкте әртүрлі депозит түрлері болса, әр депозит түрі мен валютасы бойынша белгіленген лимиттерді ескере отырып, кепілдік берілген өтемақының жалпы сомасы 20 млн теңгеден аспайды.

