Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне (ДКЖ) ҚР 21 ЕДБ-нің 19-ы кіреді. Бұл банктердің барлығында жеке тұлғалардың теңгедегі салым бар, бірақ олардың тек 17-де ғана ұлттық валютадағы мерзімді және жинақ депозит бар (тағы екеуінде тек ағымдағы шот қана бар).
Ұлттық валютадағы депозиттер биыл 1 қыркүйекте 12,8 трлн теңгеге жетті, бұл жыл басымен салыстырғанда 1,68 трлн теңгеге (немесе 15%) көп. Оның ішінде мерзімді және жинақ депозит жыл басынан бері 1,7 трлн теңгеге (немесе 18,4%) ұлғайып, 11 трлн теңгеге жетті.
Екі көрсеткіш бойынша да сектордағы абсолютті көшбасшы Kaspi Bank: жалпы, бұл қаржы институтындағы жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттерінің көлемі қазірдің өзінде 3,9 трлн теңгені құраса, олардың арасындағы мерзімді және жинақ депозиттер 3,2 трлн теңгеге жетті.
Екі көрсеткіштің өсімі бойынша да банк көш бастап тұр: мұндағы жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері жыл басынан бері 728,7 млрд теңгеге, оның ішінде мерзімді және жинақ салымдары 713,7 млрд теңгеге өсті.
Айта кетерлігі: ҚР Ұлттық банкінің әдістемесі бойынша жеке тұлғаларға заңды тұлға құрмай жұмыс істейтін халық та, жеке кәсіпкерлер де, жеке еңбек қызметін жүзеге асыратын басқа да тұлғалар жатады.
Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттерінің көлемінен екінші орында — Halyk Bank: 3 трлн теңге, жыл басынан бері 328,3 млрд теңгеге көбейген. Оның ішінде мерзімді және жинақ салымдары 2,4 трлн теңге, 344,4 млрд теңгеге өскен.
Үздік үштікті Отбасы банкі жаюады: жеке тұлғалардың 2,3 трлн теңге депозиттері бар, жыл басынан бері 97,2 млрд теңгеге ұлғайған. Оның барлығы дерлік мерзімді және жинақ депозит: 2,2 трлн теңге, жыл басынан бері 94,1 млрд теңгеге көбейген. Олай болатыны түсінікті де, банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне маманданған, бұл, әрине, ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді жинақтарды және портфельдің тұрақты өсуін білдіреді.
Ұлттық валютадағы жеке салымдар көлемі көп банктердің қатарында сонымен қатар ЦентрКредит банкі (1 трлн теңге), Еуразиялық Банк (511,9 млрд теңге), ForteBank (458,7 млрд теңге) және Jusan Bank (440,4 млрд теңге) бар.
Бұл ретте, ҚР ЕДБ депозиттері күзде 32,1 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке тұлғалардың депозиттері 18,15 трлн теңгеге, ал жеке тұлғалардың ДКЖ-ге кіретін банктердегі депозиттер 18,13 трлн теңгеге жетті.