ШОБ банктік кредит беру нарығында қарқынды өсіп келе жатқан сегментке айналды

Фото: https://www.shutterstock.com/

54 просмотров

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің саны 2 млн-нан асты.

Қолданыстағы ШОБ субъектілерінің құрылымында жеке кәсіпкерлердің үлесі 70%-ды, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың үлесі 18,2%-ды, ал шаруа немесе фермер қожалықтарының үлесі 11,7%-ды құрайды. Орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың үлесі небәрі 0,1%-ға тең, алайда абсолюттік көрсеткіш бойынша олардың саны шамамен 3 мың компанияны құрайды.

Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің дамуында оң динамика байқалғанына қарамастан, бұл секторды қолдау Қазақстан экономикасының стратегиялық міндеттерінің бірі болып қала береді. Әрі қарайғы өсімнің негізгі факторларының бірі — қаржыландыруға қолжетімділік.

Сонымен қатар, еліміздің қаржы секторының жеткілікті деңгейде дамығанына қарамастан, бизнес үшін қаржыландырудың негізгі көзі бұрынғысынша банк секторы болып отыр. Компаниялардың дамуы мен қызметін кеңейтуіне қажетті кредиттік ресурстарды ұсынуда банктердің рөлі зор.

ШОБ банктік кредит беру нарығында қарқынды өсіп келе жатқан сегментке айналды

Бүгінде Қазақстан банктері шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауды белсенді түрде арттырып келеді. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банк секторының ШОБ субъектілеріне берген кредиттерінің көлемі 12,4 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш шамамен 12%-ға өсті.

Кредит көлемінің ең жоғары өсімі шағын бизнеске тиесілі: шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген кредиттер көлемі 13%-ға өсіп, 9,2 трлн теңгеге жетті. Орта бизнеске берілген кредиттер 8,8%-ға артып, 3,2 трлн теңгені құрады.

ШОБ кредит нарығында ең қарқынды дамып келе жатқан сегменттердің бірі болып отыр. Шағын және орта бизнеске берілетін кредиттердің өсу қарқыны қарыз алушылардың басқа санаттарындағы көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары. Мәселен, жыл басынан бері банк секторының экономикаға берген кредиттерінің жалпы көлемі 5,2%-ға, халыққа берген кредиттер 5,5%-ға өсті, ал ірі бизнеске берілген кредиттер көлемі, керісінше, 5,9%-ға төмендеді.

ШОБ-қа берілетін кредиттердің өсуі банктердің және даму институттарының кәсіпкерлікті белсенді қолдауымен тығыз байланысты. Бұл бағытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Қазақстанның Даму Банкі маңызды рөл атқарады, олар бизнесті қолдау бағдарламаларына қатысады және кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтеді.

Банктер бизнеске арналған жеке бағыттарды дамытып келеді

Банктердің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауы тек кредит берумен шектелмейді. Қазір қаржы ұйымдары бизнеске арналған жеке өнім бағыттарын қалыптастырып, кәсіпкерлерге шот ашудан, төлемдерді жүзеге асырудан бастап кредит, эквайринг, жалақы жобалары және басқа да қызметтерді қамтитын кешенді шешімдер ұсынып отыр.

Сондай-ақ банктер кәсіпкерлерге арналған мамандандырылған цифрлық шешімдерді белсенді түрде дамытып келеді. Көптеген қаржы ұйымдарының сайттарында «Бизнес» бөлімдері және арнайы мобильді қосымшалары бар, олардың көмегімен кәсіпкерлер шоттарын қашықтан басқарып, төлемдер жүргізіп, айналымдарын бақылап, банк бөлімшесіне бармай-ақ банктік өнімдерді пайдалана алады.

ШОБ-ты қолдау халықаралық деңгейде мойындалуда

Банктердің шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып келеді. Соның бір мысалы — ForteBank: 2026 жылы банк Asian Banking & Finance Retail Banking Awards халықаралық сыйлығының SME Bank of the Year — Kazakhstan («ШОБ-қа қызмет көрсететін жыл банкі») номинациясында кезекті рет жеңімпаз атанды.

Бұл марапат банктің шағын және орта бизнесті қаржыландыруды дамытуға және кәсіпкерлер үшін қаржы құралдарының қолжетімділігін арттыруға қосқан үлесін айқындайды. 2026 жылы ForteBank ШОБ-ты қолдау аясын кеңейтуді жалғастырды, атап айтқанда, «Даму» қорымен ынтымақтастық аясында кредиттерге кепілдік беру лимиті 102,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Қаржы институтының кредиттік портфелінің 72%-ы өңірлік бизнеске тиесілі, мұнда кредиттің орташа мөлшері 202 млн теңгені құрайды.

Банк кәсіпкерлерге қызмет көрсетуді цифрландыруға да ерекше көңіл бөледі. ForteBank-те құжаттарды онлайн түрде ұсыну және оларға қол қою мүмкіндігі енгізіліп, кредит беру процесінің негізгі кезеңдері автоматтандырылды. Бұл кәсіпкерлердің банктік қызметтерге қол жеткізуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Осылайша, халықаралық деңгейдегі мойындау нарықтағы жалпы үрдісті аңғартады: Қазақстандағы ЕДБ ШОБ-ты тек қарыз алушылар санаты ретінде ғана емес, сонымен қатар арнайы өнімдер, қызметтер мен цифрлық шешімдер әзірленетін бизнестің дербес бағыты ретінде қарастырады. Бұдан бөлек, мұндай марапаттар жекелеген банктердің ғана емес, бүкіл Қазақстанның қаржы секторының беделін нығайтып, оның халықаралық стандарттарға сәйкестігі мен өңірлік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

ШОБ банктік кредит беру нарығында қарқынды өсіп келе жатқан сегментке айналды