Қазақстандағы маркетплейстер нарығы қарқынды өсіп, елдегі электрондық коммерцияның дамуына серпін беретін негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Бұл платформалар шағын және орта бизнестің дамуына да елеулі ықпал етуде — маркетплейстердің кәсіпкерлік секторға әсері туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
Нарықтың қаншалықты кеңейгенін маркетплейстердің ҚР бюджетіне төлеген салық көлемінен анық көруге болады. Талдау үшін халық арасында кеңінен қолданылатын тоғыз маркетплейс іріктелді, олардың қатарында Қазақстанда өкілдігі бар шетелдік платформалар да бар.
Іріктеу кезінде платформалардың бизнес-моделі мен елдің электрондық коммерция нарығындағы рөлі ескерілді. Тізімге классикалық маркетплейс үлгісімен жұмыс істейтін, яғни, бір платформада көптеген сатушыны біріктіріп, сатып алушыларға тауарлар мен қызметтердің кең таңдауын ұсынатын сервистер енгізілді.
Бекітілген және жаңартылған деректерге сәйкес 2025 жылдың қорытындысы бойынша іріктелген маркетплейстер Қазақстан бюджетіне 356 млрд теңге салық төледі, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 11,5% артық.
Бірнеше жылды қамтитын кезеңде өсім айқынырақ көрінеді. 2021 жылмен салыстырғанда маркетплейстер төлеген салық көлемі бірден 9,6 есе артқан. Осылайша, төрт жылдың ішінде көрсеткіш 10 есеге жуық өсті, бұл маркетплейстер қызметінің ауқымы едәуір кеңейіп, олардың ел экономикасындағы рөлі артып келе жатқанын көрсетеді.

Айта кетерлігі, салық төлемдері осындай қарқынмен өсіп отырғанымен, олардың басым бөлігі нарықтағы бірнеше ірі компанияға тиесілі.
Маркетплейстер арасында салық төлемдерінің көлемі бойынша Kaspi.kz көш бастады. 2025 жылы платформаға қатысты компаниялар бюджетке 138 млрд теңгеден астам салық төледі, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,5% артық. Ал 2021 жылмен салыстырғанда салық көлемі 8 есеге жуық өскен.
Есепке «Kaspi Дүкен» ЖШС, «Kaspi Travel» ЖШС, «Колёса» АҚ және «Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС енгізілді. Осындай салық төлемдерінің көлемімен Kaspi.kz Қазақстандағы ірі салық төлеушілердің қатарына кіреді. Бұдан бөлек, компания маркетплейстер арасында ғана емес, тау-кен өндіру саласын есепке алмағанда, жалпы елдің сауда секторындағы компаниялар арасында да бірінші орында тұр — бұл туралы бұған дейін де жазған болатынбыз.
Салық төлемдерінің мұндай көлемі ірі маркетплейстің электрондық коммерция нарығындағы маңызын және сала мен жалпы экономика деңгейінде бюджет кірістерін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді.
Екінші және үшінші орындарға Қазақстанда ресми өкілдіктері бар ресейлік маркетплейстер жайғасты. Екінші орында Wildberries («ИМВБКЗ» ЖШС), 2025 жылы компания ҚР бюджетіне 58 млрд теңгеге жуық салық төледі. Үшінші орынға Ozon («ОЗОН Маркетплейс Қазақстан» ЖШС) орналасты, шамамен 15 млрд теңге салық төледі.
Үздік бестікті OLX (3 млрд теңгеден астам) және Forte Market (1,4 млрд теңге) түйіндеді.
Шолуға Flip.kz, Teez, Halyk Market және Satu.kz те енгізілді. Бұл төрт маркетплейстің төлеген салығы барлық қарастырылған компаниялардың жалпы салық көлемінің 1%-ына да жетпейді.
Осылайша, салық статистикасы маркетплейстердің Қазақстан экономикасындағы рөлі онлайн-сауданы дамытумен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Ірі платформалар елдің салық жүйесінде елеулі орын алып, электрондық коммерцияның өсуіне ықпал етумен қатар, шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып отыр.


