Қазақстан онлайн-қызметтерді дамыту бойынша Қытай, АҚШ, БАӘ және басқа да дамыған мемлекеттерден озып, үздік 10 елдің қатарына енді

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қазақстанда көптеген салалар цифрландырылған. Бұл орайда мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі жылдам онлайн-форматқа көшуін жеке атап өтуге болады және де мұндай динамика бірнеше жыл қатарынан сақталып келеді. Мәселен, бүгінде электрондық форматта қолжетімді мемлекеттік қызметтердің үлесі 93%-ды құрайды, олардың 90,8%-ын eGov Mobile платформасы арқылы алуға болады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) салымшысы қаражатының түсуі мен қозғалысы туралы ақпаратқа, сондай-ақ зейнетақы жинақтары туралы мәліметтерге байланысты онлайн-мемлекеттік қызметтер көп қолданылады. Осы тақырыпты толығырақ қарастырайық.

БЖЗҚ қызметтерін eGov арқылы, сондай-ақ БЖЗҚ-ның цифрлық сервистері арқылы алуға болады. 2025 жылдың екі айында БЖЗҚ шамамен 13,7 млн қызмет көрсетті. Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 4,8 млн-нан астамы электрондық форматта, 8,6 млн-ы автоматты түрде көрсетілді. Осылайша, қызметтердің жалпы санына шаққанда онлайн-форматта көрсетілген қызметтердің жиынтық үлесі 98,6%-ды құрады. Бұл — электрондық форматта көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер бойынша жалпы көрсеткіштерден жоғары (аталған 93%) көрсеткіш.

Естеріңізге салсақ, БЖЗҚ-да ашылатын барлық зейнетақы шоттары бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасының қатысушыларына нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар автоматты түрде есептеледі.

БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотынан (ЖЗШ), шартты зейнетақы шотынан (ШЗШ), сондай-ақ «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасының аясында нысаналы жинақтау шотынан (НЖШ) үзінді көшірме алу қызметтері көп қолданылады. Жыл басынан бері ЖЗШ, ШЗШ, НЖШ бойынша 5,4 млн-ға жуық үзінді көшірме берілді, оның 4,4 млн-нан астамы электронды түрде, 865 мыңнан астамы автоматты режимде ұсынылды.

Үзінді көшірмені алу қызметінен бөлек, салымшылар сайтта берілген жеке кабинетте және мобильді қосымшада әлемнің кез келген нүктесінде 24/7 режимінде мынадай қызмет түрлеріне қол жеткізе алады:

  • өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
  • шоттардың бар-жоғы туралы анықтама алу;
  • I немесе II топтағы мүгедектіктің мерзімсіз белгіленуіне байланысты немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру;
  • төлем туралы өтініштің күйін қадағалау;
  • жинақтардың бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) аудару;
  • зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу;
  • жеке зейнетақы жоспарын жасау;
  • өзге қызметтер.
Қазақстан онлайн-қызметтерді дамыту бойынша Қытай, АҚШ, БАӘ және басқа да дамыған мемлекеттерден озып, үздік 10 елдің қатарына енді

Айта кетерлігі, Қазақстанда онлайн-қызметтерді дамыту, жалпы, цифрландыру мәселесі халықаралық деңгейде берілген бағаларға сүйенсек, көңіл толарлықтай. БҰҰ деректеріне сәйкес 2024 жылы Қазақстан онлайн-қызметтер бойынша елдер рейтингісінде үздік 10 елдің қатарына енді. Рейтинг 193 елді қамтыды. Даму деңгейін нақты түсіну үшін қай мемлекеттердің алғашқы ондыққа енгенін көрейік. Олар — Оңтүстік Корея, Дания, Эстония, Сауд Арабиясы, Украина, Сингапур, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және Жапония.

Қазақстаннан кейінгі орындарға ие болған елдердің тізімін де келтіре кетейік: Қытай (11-інші орын), Германия (12-інші орын), Аустралия (14-інші орын), Нидерланды (15-інші орын), БАӘ (16-ыншы орын), АҚШ (17-інші орын).

Ал ТМД-ның жеке елдері рейтингте Қазақстаннан әлдеқайда төмен тұр: Армения 53-інші, Ресей 56-ыншы, Өзбекстан 59-ыншы, Әзірбайжан 67-інші, Қырғызстан 89-ыншы, Беларусь 97-інші, Тәжікстан 130-ыншы, Түрікменстан 172-інші орындарға табан тіреді.

Соңғы орындарға Эритрея, Комор аралдары және Солтүстік Корея орналасты.

Осылайша, Қазақстан экономикасының жекелеген секторларында цифрландырудың қарқынды дамуы себебінен еліміз әлем бойынша үздіктер тізіміне енді.

Қазақстан онлайн-қызметтерді дамыту бойынша Қытай, АҚШ, БАӘ және басқа да дамыған мемлекеттерден озып, үздік 10 елдің қатарына енді