Елімізге қазақстандық әйелдерді қолдайтын бастамалар қажет
Гендерлік алшақтық қоғамның экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) деректері бойынша гендерлік теңдік принциптері сақталатын елдер экономикалық тұрғыдан тұрақты дамиды, еңбек өнімділігін арттырады және әлеуметтік тұтастықты жақсартады. McKinsey Global Institute бағалауы бойынша қызметтегі гендерлік алшақтықты жою 2025 жылға қарай әлемдік жалпы ішкі өнімге 12 трлн АҚШ долларына дейін қосар еді. Гендерлік тепе-теңдікті ескере отырып құрылған бизнес көбіне табыс көрсеткіштері бойынша бәсекелестерден 21%-ға жоғары көрсеткіш көрсетеді. Бұл гендерлік паритеттің экономикалық және әлеуметтік артықшылықтарын айқындайтын деректердің аз ғана бөлігі (өркениетті қоғамдағы әйелдердің құқықтарын сақтау қажеттілігінің моральдық аспектісін ескермегенде).
Қазақстан гендерлік алшақтықтың жаһандық индексінде биылғы жылы 146 орынның ішінде тек 76-ыншы орынға орналасты, ал бір жыл бұрын 62-інші орында тұрған болатын. ҚР посткеңестік кеңістік елдерінің ішінде тек Қырғызстаннан (9 позициядан айырылып, 90-ыншы орынға ие), Әзірбайжаннан (минус 6 позиция, 103-інші орын) және Тәжікстаннан (минус 1 позиция, 112-інші орын) озды.
Ерлер мен әйелдер үшін тең жағдайды ұсынатын ең жақсы ел болып Исландия танылды. Жалпы алғанда, гендерлік теңдіктің ең жоғары деңгейі сақталған топ-5 мемлекеттің төртеуі Солтүстік Еуропада орналасқан. Посткеңестік кеңістіктегі елдер арасында Литва (11-інші), Молдова (13-інші), Эстония (29-ыншы), Латвия (30-ыншы) жоғары орындарға ие болды.
Естеріңізге салсақ, жаһандық гендерлік алшақтық индексі жыл сайын гендерлік паритеттің қазіргі жағдайы мен эволюциясын төрт негізгі өлшем бойынша бағалайды — экономикалық қатысу және мүмкіндіктер, білім деңгейі, денсаулық пен өмір сүру, әйелдердің саяси мүмкіндіктерін кеңейту. Индекс 2006 жылдан бері осы санаттардағы гендерлік алшақтықты жою бойынша елдердің ілгерілеуін қадағалап келеді. Көрсетілген кестелерде Қазақстандағы жағдайдың қалай өзгергені берілген.
Мұндай жағдайда қазақстандық әйелдерді қолдайтын кез келген бастаманың ҚР үшін маңызы зор. Халықаралық сыйлықтармен марапатталған осындай бастамалардың бірі — Отбасы банкінің әйелдерге жеңілдікпен берілетін «ҰМАЙ» ипотекасы. Отбасы банкі «ҰМАЙ» бағдарламасын Азия даму банкімен (АДБ) серіктестік орната отырып жүзеге асырады. Бұл жоба 2021 жылдан бастап іске қосылды және Қазақстанның 3 661 тұрғынына (әйелге) мегаполистерден, облыс орталықтарынан және шағын қалалардан тұрғын үй алуға көмектесті (АДБ қаражаты есебінен 38 млрд теңге сомасында 3 356 кредит берілді, қайтарымды және меншікті қаражат есебінен 3,2 млрд теңге сомасында 305 қарыз берілді). «ҰМАЙ» ипотекасының үлкен бір артықшылығы мынада — кез келген отбасылық жағдайдағы, типтегі және кез келген жұмыспен қамту саласындағы әйелдерге арналған, тіркеу, тұрғын үйдің бар-жоғы маңызды емес, сондай-ақ бұл бағдарлама бойынша жаңа тұрғын үйді де, қайталама нарықтағы пәтерлерді де сатып алуға болады.
2025 жылы «ҰМАЙ» ипотекасы қайтадан іске қосылады: 1 қарашада Отбасы банкі мен АДБ «Қазақстан Республикасында инклюзивті және „жасыл“ тұрғын үйлерді қаржыландыруға жәрдемдесу жобасы» атты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат ҚР экономикалық өсімінің тұрақтылығына, сондай-ақ гендерлік теңдікті ілгерілетуге және «жасыл» құрылысты қолдауға ықпал етуге арналған. Ынтымақтастық аясында АДБ Отбасы банкіне кредит береді, ал Отбасы банкі бірден екі тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырады, бағдарлама «ҰМАЙ» жобасынан бөлек, «Жасыл ипотека» бадарламасын да қамтиды.
«ҰМАЙ» бағдарламасының шарттары жақсарады. 20% мөлшеріндегі бастапқы жарна сақталады, алайда бағдарламаға кіру үшін табыстың ең жоғары деңгейі 950 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны 50 млн теңгеге дейін көбейеді.
Дәл осы бағдарламаға назар аударған себебіміз — тұрғын үй әйелдердің де, олардың отбасылары мен балаларының да әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне әсер ететін негізгі фактор болып табылады. Зерттеулер мынаны растады: жеке тұрғын үй — әл-ауқаттың іргетасы. Өзіңіздің жылжымайтын мүлкіңіздің болуы — қаржылық тұрақтылық пен ұзақ мерзімді әл-ауқаттың кепілі. АҚШ-тың Санақ бюросының мәліметі бойынша үй иелерінің активтерінің орташа таза құны жалға алушыларға қарағанда 80 есе көп. Сонымен қатар, зерттеулер көрсеткендей, жеке тұрғын үйдің болуы балалардың білім нәтижесінің жақсаруына, денсаулықтың мықтылығана және азаматтық белсенділіктің жоғарылауына ықпал етеді. Атап айтқанда, АҚШ-та тұрғын үйге иелік ету тіпті балалардың оқу және математика нәтижелерін 7%-ға жақсартқан.
«ҰМАЙ» сияқты бағдарламалар Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан қажет. Шындығына келгенде, кез келген мемлекет қаржылық тұрақтылыққа, азаматтық белсенділікке, халықтың денсаулығы мен білімін жақсартуға ұмтылады. Елімізде осындай бастамалар көп болса, гендерлік теңдіктің әртүрлі жаһандық рейтингтерінде ҚР позициясы әлдеқайда жоғары болары анық, себебі әйелдердің теңдігі мен құқықтарын қорғау БҰҰ-ның Орнықты дамуы мақсаттарында жазылған (Қазақстан қол жеткізуге міндеттелді).