2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы екінші деңгейдегі банктердің реттеуші капиталы 10,8 трлн теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда, 13,9%-ға (1,3 трлн теңгеге) артты.
Банктің реттеуші меншікті капиталы оның қаржылық тұрақтылығын, күйзелістерге төтеп беру қабілетін, клиенттердің сенімін, ұзақмерзімді даму және өсу қарқынын көрсетеді. Меншікті капиталдың өсімі қаржы институтының тұрақтылығын сақтай отырып, активтер мен кредит беру көлемін арттыруға жол ашады.
Осы тұрақтылық пен сенімділік сияқты көрсеткіштердің өсімі бойынша қай банктердің алға шыққанын қарастырайық.
Еліміздегі ірі банктердің бірі ForteBank жылдық өсім бойынша абсолютті көшбасшы атанды. Қаржы институтының реттеуші меншікті капиталы 41,1%-ға (немесе 225 млрд теңгеге) өсіп, 773,2 млрд теңгеге жетті. Тек бір ай ішінде бұл көрсеткіш тағы 5,2%-ға артты. Мәлімет үшін: банктің активтері бір жылда 25,8%-ға өскен, 2026 жылдың 1 қаңтарына қарай 5,2 трлн теңгеге жеткен — бұл да үздік ондыққа енетін ЕДБ арасында рекордтық өсім болып саналады.
Айта кетерлігі, әлемдегі жетекші рейтингтік агенттіктер банктің жетістіктерін оң бағалады. Мысалы, 2025 жылғы шілдеде Fitch Ratings ForteBank рейтингісін «BB» деңгейінде «Тұрақты» болжаммен растады. Сол айда Moody’s Ratings ForteBank-тің ұлттық және шетел валютасындағы депозиттерінің ұзақмерзімді рейтингісін Ba2 деңгейінде «Оң» болжаммен бекітті. «Үлкен үштіктің» екеуі де расталған рейтингтердің банктің тұрақты қаржылық жағдайын (тұрақты капитал, жоғары өтімділік пен рентабельдік, сапалы активтер және тәуекелдерді тиімді басқару) көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар агенттіктер ForteBank-тің өзінің өтімді қаражаты есебінен «Home Credit Bank» АҚ-дағы (Қазақстан) 100% үлесті сатып алу мәмілеcін де оң бағалады.

Меншікті капиталдың жылдық өсімі бойынша екінші орынға Алматыдағы Қытай Сауда-өнеркәсіп банкі орналасты: көрсеткіш 33%-ға артып, 115,2 млрд теңгеге жетті. Көшбасшылар үштігін Bereke Bank толықтырды: капитал 30%-ға өсіп, 209,2 млрд теңгеге жетті.
Аталған өсім бойынша үздік бестікке Корей елінің Шинхан Банк Қазақстан (25,4% өсім) және Kaspi Bank (23,7% өсім) енді.
Банк секторында жылдық динамика бойынша Қазақстандағы 23 ЕДБ-ның 17-сі өсім көрсетті, төрт банктің көрсеткіші төмендеді, ал KMF Bank пен БиЭнКей Коммерциялық Банк сияқты екі жаңа банк бойынша жылдық динамика әлі қалыптаспаған.

Естеріңізге салсақ, реттеуші меншікті капитал банктің сенімділігі мен тиімді жұмысын бағалайтын негізгі көрсеткіштердің бірі болып саналады және банк тұрақтылығын, сондай-ақ шығындарды жабу қабілетін бағалау үшін реттеуші орган тарапынан қолданылады.
Көрсеткіш:
- капиталдың жеткіліктілігіне қойылатын міндетті нормативтердің негізін құрайды;
- қадағалау талаптарын бұзбай-ақ активтер мен кредит көлемінің өсу шегін анықтайды;
- күйзеліс пен дағдарыс кезінде салымшылар мен кредиторларды қорғау қызметін атқарады;
- банктің капитал нарықтарына шығуына және қаржыландыру құнына әсер етіп, инвестициялық тартымдылығын арттырады.
ҚР ЕДБ банктерінің меншікті капиталы бірнеше жылдан бері тұрақты түрде өсіп келе жатыр, бұл халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағасына оң ықпал етіп, еліміздің банк секторының жетілгенін және қаржы институттарының әлемдік тұрақсыздыққа қарамастан тұрақты даму бағытын ұстай алу қабілетін көрсетеді.

