Ағымдағы жылдың қыркүйегіне қарай Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінде заңды тұлғалардың салымы 16,07 трлн теңгені құрады, бұл бір ай бұрынғы көрсеткішке қарағанда, 505,4 млрд теңгеге аз. 10 ЕДБ және үздік ондыққа енетін алты банк минусқа кетті. Сәйкесінше, тек төрт ірі банк жақсы көрсеткіш көрсете алды.
Бизнес-салымдардың ай сайынғы өсімі бойынша ҚР ЕДБ арасында ForteBank көш бастап тұр: 90 млрд теңге қосты, 1,88 трлн теңгеге дейін. Назар аударсаңыз, орын алып жатқан түрлі өзгерістерге, құлдырауларға қарамастан, банк тұрақты өсімін сақтап қала алды. Жыл басынан бері ForteBank-тегі заңды тұлғалар депозиттерінің портфелі бірден 495,9 млрд теңгеге көбейді, бұл — банк секторы бойынша айтарлықтай көрсеткіш.
ForteBank бизнес-сегменттегі жоғары белсенділігімен ерекшеленеді: заңды тұлғалардың салымы қаржы институтының жиынтық депозиттік портфелінің 66,6%-ын құрайды. Банкте заңды тұлғаларға арналған бірқатар депозиттік өнімдер бар: Forte Comfort икемді салымы, жинақтаушы Forte Capital және «Жинақ» салымдары, кредиттік серіктестіктер мен жер қойнауын пайдаланушыларға арналған шартты салымдар. Айта кетерлігі, ForteBank аталған көрсеткіш бойынша Halyk Bank және Банк ЦентрКредит үшеуі «триллионшылар үштігіне» кіреді. Қазақстанда осындай көлемде корпоративтік салымдар портфелі бар басқа ЕДБ жоқ.
Корпоративтік салымдардың ай сайынғы өсімі бойынша екінші орынға Bank RBK орналасты: 28,7 млрд теңге қосты, 737,8 млрд теңгеге дейін. Жыл басынан бері қаржы институтында 53,2 млрд теңгеге өсім байқалады. Заңды тұлғалардың салымы банктің жалпы депозиттік портфелінің 58,6%-ын құрайды.
Банк секторындағы ірі қаржы институтының бірі Банк ЦентрКредит ай сайынғы өсім бойынша үшінші орынға жайғасты. Аталған банктегі заңды тұлғалар салымының көлемі бір айда 10,5 млрд теңгеге артып, 2,05 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жыл басынан бері 306,8 млрд теңгеге өсім байқалды. Бүгінде қаржы институты бөлшек сауда сегментіне көбірек көңіл бөлуде: банктің жалпы салымдарындағы заңды тұлғалардың үлесі небәрі 45,5%-ды құрайды.
Бизнес-салымдарды ұстаушы ірі банктердің ішінде жетекші үштіктен басқа, сектордағы портфельдің бір айлық өсімін тағы бір қаржы институты — Jusan Bank көрсетті: 261 млн теңге қосты, 756,1 млрд теңгеге дейін. Жыл басынан бері банк корпоративтік депозиттер көлемін 38,3 млрд теңгеге көбейтті. Аталған ЕДБ-ның жиынтық депозиттік портфеліндегі заңды тұлғалардың үлесі 47,9%-ды құрады.
Жалпы банк секторы бойынша ҚР ЕДБ салымдарының жиынтық портфеліндегі заңды тұлғалардың депозит үлесі әлі де азайып жатыр. Мәселен, қыркүйек айының басында көрсеткіш небәрі 42%-ды, ал бір ай бұрын 43%-ды құрады, бір жыл бұрын — 43,5%, бес жыл бұрын — 47,5% және он жыл бұрын — 60,6%.
Құлдырау кезінде бизнеспен байланысты тұрақты түрде нығайта алған, кәсіпкерлермен сенімді қарым-қатынас орната алған қаржы институттарына кәсіпкерлер қаражатын сеніп тапсырады.