Банк секторы кредит беруді, инвестициялар мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, Қазақстан экономикасында шешуші рөл атқарады. Сондай-ақ банктер салық аударымдары арқылы мемлекеттік бюджетті толтыруға айтарлықтай үлес қосады. Мұндай түсімдер әлеуметтік бағдарламаларды, инфрақұрылымдық жобаларды және елді дамытуға қатысты басқа да маңызды бағыттарды қаржыландыруға көмектеседі. Бұл салымның қаншалықты қомақты екенін әрі банктердің қандай салық төлейтінін толығырақ талдаймыз.
Бүгінгі шолуымызда ҚР үздік банктері мен банк холдингтерінің ел бюджетіне қанша салық төлегенін қарастырамыз.
Әдістемені түсіндірейік: бұл жолы біз банктердің өзін және де тиісті банк холдингтерінің еншілес ұйымдарын да ескердік, өйткені олар қаржы институты құрылымының бір бөлігі болып табылады. Бұл мән-жайды толық зерделеуге мүмкіндік береді. Еншілес ұйымдар туралы ақпаратты біз шоғырландырылған қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есептерден, сондай-ақ ашық көздерден алдық. Әрбір ұйымның, оның ішінде банктердің және өзге де еншілес ұйымдардың салық аударымдары туралы деректер ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған ақпараттан алынды.
Біз жүргізген талдауға сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы барлық ЕДБ арасында Kaspi.kz ең ірі салық төлеуші атанды: салық аударымдарының сомасы 285,8 млрд теңгеге жетті. Айта кетерлігі, бір жыл ішінде төленген салық сомасы 24%-ға артқан. Kaspi.kz-тің Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыратын 11 еншілес ұйымы бар (оның шетелдік еншіліс ұйымдары түсінікті себептермен есепке алынбады).
Екінші орынға Halyk тобы жайғасты, яғни, Halyk Bank және оның еншілес ұйымдары: 2024 жылдың қорытындысы бойынша салық сомасы 270 млрд теңгеден асты. Қазақстандағы 10 еншілес ұйымы есепке алынды.
Kaspi.kz пен Halyk-тың қосынды салық аударымдары 556,5 млрд теңгені немесе еліміздегі 12 ірі банк төлеген барлық салықтардың 66,3%-ын құрады.
Үздік үштікті өзінің төрт еншілес ұйымымен Банк ЦентрКредит түйіндейді: 75,7 млрд теңге. Сонымен бірге алғашқы бестікке ForteBank тобы (42,8 млрд теңге) және Еуразиялық банк тобы (34,7 млрд теңге) енді.
Айта кетерлігі, еншілес ұйымдары жоқ ЕДБ да бар. Тиісінше, олардың тікелей салық аударымдары ғана ескерілді. Мұндай қаржы институттарының қатарында Отбасы банкі, Ситибанк Қазақстан, Bereke Bank және Altyn Bank.
Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің 12 ірі банкі салық аударымдары түрінде бюджетке 840 млрд теңге аударды.
Қаржы институттары мен олардың еншілес ұйымдарынан бюджетке түсетін салық түсімдері туралы толығырақ ақпаратты біздің сайтымызда мына сілтеме бойынша қарап шығуға болады.
Осылайша, банк секторының бюджетке қосқан үлесі миллиардтаған теңгемен есептеліп, бұл сегментті Қазақстан экономикасының негізгі қаржы донорларының біріне айналдырады.

Осы арада айта кетерлігі, мұндай жағдай жылдар бойы сақталып келеді, банк секторы ҚР бюджетіне түсетін салықтың ең ірі көзінің бірі болып қала бермек, ал мұндай салым жыл сайын жүздеген миллиард теңгемен өлшенеді.
Болашақта банктердің салық аударымдарының көлемі қаржы нарығының өсіміне, реттеудегі өзгерістерге және елдегі жалпы экономикалық жағдайға байланысты болады. Алайда, бүгінде ҚР ЕДБ Қазақстанның экономикалық тұрақтылығында шешуші рөл атқаратыны анық. Мысалы, тек 2024 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктердің активтерінің сомасы бір жылда 19,7%-ға, 61,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Сонымен қатар ҚР ЕДБ активтерінің елдегі ЖІӨ-ге қатынасы бір жыл ішінде 45,2%-дан 47,8%-ға дейін өсті, бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш болып табылады.
