Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында халық салымдарының көлемі 350,5 млрд теңгеге (немесе 1,4%-ға) қысқарып, 1 сәуірге қарай 24,2 трлн теңгені құрады. Айта кетерлігі, жеке тұлғалардың депозиттерін ұстаушы банктердің үздік ондығына енетін төрт ЕДБ ғана жыл басынан бері оң көрсеткіш сақтап қалды.
Бөлшек салымдар портфелінің өсімі бойынша Отбасы банк сенімді түрде алға шықты: жыл басынан бастап бірден плюс 60,8 млрд теңге қосып, 2025 жылдың сәуіріне қарай 2,6 трлн теңгеге дейін өсім көрсетті. Қаржы институты салымдар нарығының 10%-дан астамын алып отыр, банк азаматтарға тұрғын үй салымдары арқылы жылжымайтын мүлік алу үшін қаражат салуға мүмкіндік беретін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне маманданған. Негізінде, қазақстандықтардың барлық салымдарының 10%-дан астамы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға салынған. Қазақстанда тұрғын үйдің жетіспеушілігін және әр отбасы үшін баспаналы болудың әлеуметтік маңыздылығын ескерсек, мұндай нәтижені еліміз үшін айтарлықтай оң көрсеткіш деп санауға болады.
Депозиттік базаның өсімі «Наурыз» бағдарламасын, «Наурыз жұмыскер» бағытын іске қосумен, сондай-ақ AQYL білім беру депозиттерін ашумен тікелей байланысты.

Жыл басынан бері халық салымдарының өсімі бойынша екінші орынға Bereke Bank жайғасты: плюс 59,1 млрд теңге, 711,9 млрд теңгеге дейін өсім көрсетті. Бүгінде катарлық инвестициялық Lesha Bank-тің еншілес банкі болып табылатын қаржы институтының ерекшелігі — бөлшек депозиттер сегментінде нарықтағы ең жоғары мөлшерлемелердің бірін ұсынып отыр.
Үшінші орынға Freedom Bank орналасты: плюс 50,6 млрд теңге, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне қарай 636,5 млрд теңгеге дейін өсім көрсетті. Бірінші тоқсанда салымдардың өсімі бойынша үздік ондыққа енген төртінші банк — Банк ЦентрКредит: плюс 46,2 млрд теңге. Бұл орайда сегменттегі үздік 10 ЕДБ-ның алтауы минусқа кетті. Толығырақ кестеде берілген.
Айта кетерлігі, бір жыл ішінде, яғни, 2024 жылдың бірінші тоқсанының соңынан бастап ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін халықтың салымдарының көлемі айтарлықтай 3,9 трлн теңгеге (немесе 19,3%-ға) артты.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша банктердегі жеке тұлғалардың депозиттерінің жалпы көлемі 58%-ға, жыл басында 57,8%-ға, бір жыл бұрын 56,7%-ға тең болды. Демек, ҚР ЕДБ-ның жиынтық депозиттік себетіндегі бөлшек салымдардың салмағы банктерді қорландырудың жалпы құрылымында өсіп келе жатыр.
