Банк секторының активтері рекордтық 76 триллион теңгеге жуықтады

Фото: https://www.shutterstock.com/

ҚР ЕДБ активтерінің 90%-ға жуығы жетекші он банктің үлесінде

2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша ҚР ЕДБ жиынтық активтері жыл басынан бері 6,9%-ға немесе 4,9 трлн теңгеге ұлғайып, рекордтық 75,6 трлн теңгеге жетті. Жалпы соманың 89%-ы елдегі ең ірі он банктің үлесіне тиесілі болды: олардың активтері жыл басынан бері 6,2%-ға немесе 3,9 трлн теңгеге өсіп, 67,1 трлн теңгені құрады.

Қазақстандағы үздік 10 ЕДБ-ның арасында активтердің өсу қарқыны бойынша Отбасы банк көш бастады: көрсеткіш бірден 16,8%-ға немесе 873,1 млрд теңгеге артып, 6,1 трлн теңгеге жетті. Бұл банк секторы бойынша орташа көрсеткіштен екі еседен астам жоғары болып саналады. Мәлімет үшін: Отбасы банктің несие портфелі жыл басынан бері 13,4%-ға (немесе 540,9 млрд теңгеге — банк секторындағы рекордтық көрсеткіш) ұлғайып, 4,6 трлн теңгеге жетті. Қаржы институтының несие портфелінің сапасы өте жоғары деңгейде қалып отыр: төлем мерзімі 90 күннен астам кешіктірілген кредиттердің үлесі (NPL 90+) небәрі 0,1%-ды құрады, ал ҚР ЕДБ бойынша орташа көрсеткіш — 4,12%.

Естеріңізге салсақ, Отбасы банк — тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне маманданған ұлттық даму институты, банк халыққа мемлекет қолдауымен баспана сатып алуға қаражат жинауға және тиімді мөлшерлемемен ипотекалық қарыз алуға мүмкіндік береді. Банктің кредиттік өнімдері қатарында бірқатар арнайы бағдарламалар да бар: «Наурыз», «Наурыз Жұмыскер», «Наурыз Әскери», «Отау», әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы, «Жасыл ипотека», «Асыл Мекен», «Дипломмен ауылға», өңірлік тұрғын үй бағдарламалары және басқа да өнімдер. Айта кетерлігі, алдағы уақытта Отбасы банк өнімдер желісін исламдық ипотекамен толықтыруды жоспарлап отыр.

Активтердің өсу қарқыны бойынша екінші орынды Freedom Bank иеленді: банк активтері 14,9%-ға өсіп, 3 трлн теңгеге жетті. Қаржы институтының несие портфелі 1,1 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 1,3%-ға қысқарды. NPL 90+ үлесі 2,9%-ға жетті.

Үздік үштікті Kaspi Bank түйіндеді: банк активтері 11,1%-ға өсіп, 10,5 трлн теңгеге жетті. Банктің несие портфелі жыл басынан бері 0,1%-ға ұлғайып, 8,1 трлн теңгені құрады, ал NPL 90+ үлесі 6,82% болды.

Банк секторының активтері рекордтық 76 триллион теңгеге жуықтады

Алғашқы ондыққа кіретін тағы төрт банктің активтері өсті: Halyk Bank (плюс 5,9%), ForteBank (плюс 5,7%), Банк ЦентрКредит (плюс 4,7%) және Bank RBK (плюс 2,6%).

Үш қаржы институтының активтері азайды: Alatau City Bank-те 0,5%-ға, Bereke Bank-те 3,1%-ға, Еуразиялық банкте 7,7%-ға қысқарды.

Алғашқы ондыққа кірмейтін басқа ҚР ЕДБ-ның жиынтық активтері 12,3%-ға немесе 931,3 млрд теңгеге ұлғайып, 8,5 трлн теңгеге жетті.

Мәлімет үшін: бір жылда, яғни, 2025 жылғы 1 тамызбен салыстырғанда, Қазақстанның банк секторының активтері 16,2%-ға өсті, ал бес жылда бұл көрсеткіш 2,2 есе, ал он жылда бірден үш есе артты.

Банк секторының активтері рекордтық 76 триллион теңгеге жуықтады

Бөлек атап өтейік, активтердің айтарлықтай өсуімен қатар, Қазақстан банктері активтерінің сапасы да жақсарып келеді, мұны халықаралық сарапшылар да мойындап отыр. Мәселен, 2026 жылғы 4 қыркүйекте S&P Global Ratings ҚР банк секторының салалық тәуекел бағасын 7-топтан 6-топқа көтеріп, экономикалық тәуекел бойынша болжамын «Тұрақтыдан» «Оң» болжамға өзгертті. Бұл 2021, 2023 және 2024 жылдары байқалған банк секторы бағасының жақсару үрдісінің жалғасып келе жатқанын көрсетеді.

Сарапшылар салалық тәуекел бағасының жоғарылауын банктік реттеу мен қадағалаудың күшеюімен байланыстырады. S&P бағалауынша, осы бағытта Қазақстан өңірдегі басқа елдерден — Өзбекстан, Қырғызстан, Армения және Әзербайжаннан алда келеді.

Агенттік банктердің актив сапасын тұрақты тексеріп, тәуекелдерді дер кезінде шектеуді маңызды шаралардың бірі деп санайды, әсіресе, қарқынды дамып келе жатқан бөлшек кредиттеу саласына ерекше назар аударылады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай бақылау қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтып, экономикалық құлдырау кезінде туындайтын тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.

Естеріңізге салсақ, Қазақстанда SREP, AQR және қадағалау стресс-тестілеуі бірыңғай жыл сайынғы қадағалау цикліне біріктірілген, бұл шаралар банк секторы активтерінің 85%-дан астамын қамтиды. SREP банктің тәуекелдері мен басқару сапасын кешенді бағалауға мүмкіндік береді, AQR оның активтерінің сапасы мен резервтерінің жеткіліктілігін тексереді, ал стресс-тестілеу банктің қолайсыз экономикалық сценарийлерге қаншалықты төзімді екенін көрсетеді.

Мәлімет үшін: 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша ҚР банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 3,5%-ды құрады (2026 жылғы 1 қаңтарда — 4,2%).