Қазақстанның корпоративтік секторы ел банктерінде қаражатты сақтау және көбейту мәселесінде ұлттық валютаны таңдауды жөн көреді. Мәселен, биылғы жылдың наурыз айының соңында заңды тұлғалардың ҚР ЕДБ-дағы мерзімді, жинақ және шартты салымдарының көлемі 10,5 трлн теңгеге жетті. Оның шамамен 80%-ы — ұлттық валютадағы салымдар. Салыстырсақ, осыдан он жыл бұрын, 2016 жылғы наурызда теңгедегі мұндай салымдардың үлесі небәрі 36,6% болған, бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 61,3%-ға дейін өсті, ал бүгінде, яғни, соңғы екі жылдан астам уақыт ішінде ұлттық валютадағы бизнес-салымдардың үлесі 77%–81% аралығында сақталып келеді.
ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес мұндай салымдар бойынша орташа мөлшерлеме бір жылдан бері жылдық 15%-дан асып отыр. Толықтыру және ішінара алу мүмкіндігі қарастырылмаған депозиттік өнімдер бизнес үшін ең табысты салымдар болып саналады. Енді заңды тұлғалардың депозиттерінің шамамен 87%-ы шоғырланған Қазақстандағы ірі ЕДБ ұсынатын осы сегментті толығырақ қарастырайық.
Мұндай бизнес-салымдар бойынша 12 ай мерзімге ең жоғары жылдық тиімді мөлшерлемені ForteBank өзінің Forte Capital өнімі бойынша ұсынады: 15,22%. Салымды ашу үшін кемінде 100 мың теңге қажет. Сондай-ақ банкте ұзағырақ мерзімге ашуға болатын «Жинақ салымы» бар, мұндағы СЖТМ сегменттегі ең жоғары мөлшерлемелердің бірі болып саналады: 24 ай мерзімге 12,03%.
СЖТМ мөлшері бойынша келесі орында — Еуразиялық Банктің «Мерзімді» өнімі: 12 айға — 14,97%. Салымды ашу үшін қажет ең төменгі сома — 1 млн теңге.
Үздік үштікті Банк ЦентрКредит өзінің «Мерзімді» өнімімен түйіндейді: СЖТМ — 14,9%, депозитті ашу үшін керек ең төменгі сома — 100 мың теңге.
Жалпы алғанда, толықтыруға және ішінара алуға болмайтын 12 айлық бизнес-депозиттерді Қазақстандағы үздік 10 ЕДБ-ның 7-еуі ұсынады (корпоративтік салымдардың көлемі бойынша), ал бұл сегментте орташа СЖТМ — 13,69%.

Айта кетерлігі, бір жыл ішінде заңды тұлғалардың мерзімді, жинақ және шартты салымдарының көлемі 13,3%-ға өсті, ал он жылда бұл көрсеткіш 2,5 есеге артты. Көрсеткіш соңғы жеті жыл қатарынан тұрақты өсіп келеді.
Мәлімет үшін: заңды тұлғалардың мерзімді, жинақ және шартты салымдарының көлемін өңірлер бойынша қарастырсақ, оның шамамен үштен төрт бөлігі екі астанаға — Алматы мен Астанаға тиесілі: әр мегаполисте 3,9 трлн теңгеден. Бұдан бөлек, айтарлықтай көлем Қарағанды (327,2 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан (320,7 млрд теңге) облыстарында, сондай-ақ Шымкентте (265,2 млрд теңге) тіркелген.
Осылайша, бүгінде Қазақстандағы бизнес бос қаражатты теңгелік депозиттерде ұстап, жоғары мөлшерлемелер есебінен табыс табуда. Бұл — түсінікті әрі ыңғайлы құрал: ақша жай ғана ағымдағы шоттарда жатпайды, қосымша табыс алып келеді әрі тәуекел деңгейі төмен.


