Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы екінші деңгейдегі банктердің несие портфелі 43,5 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда, 21,3%-ға ұлғайды.
Несие портфелінің жылдық өсімі бойынша кредит беретін жетекші банктердің арасында ForteBank айқын басымдықпен көш бастады: несие портфелі бірден 56,9%-ға (немесе 1 трлн теңгеден астам) артып, шамамен 3 трлн теңгені құрады. Қаржы институты теңгерімді консервативті кредит беру моделіне сүйенеді, бөлшек және бизнеске арналған өнімдерді ұсынады, экономиканың нақты секторына жүйелі түрде кредит береді. Мәселен, банктің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне сәйкес 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша ForteBank-тің клиенттеріне берілген кредиттер көлемі 2,8 трлн теңгені құрады, оның ішінде бөлшек бизнес — 40,9%, ірі бизнес — 32,9%, ал шағын және орта бизнес (ШОБ) — 25,3%.
Банктің өз өнімдері арқылы, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы аясында ШОБ-ты қолдаудағы жетістіктері халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Мысалы, өткен жылы ForteBank халықаралық Asian Banking & Finance Retail Banking Awards 2025 марапаты аясында «Шағын және орта бизнеске арналған үздік банк» (SME Bank of the Year — Kazakhstan) жүлдесін алды, сондай-ақ Mastercard тарапынан «ШОБ үшін кредиттік картаны іске қосқаны үшін» марапатына ие болды. Бұдан бөлек, 2025 жылы халықаралық аналитиктер бұл қаржы институтының жетістіктерін бірнеше рет атап өтті: ForteBank International Banker нұсқасы бойынша «Үздік коммерциялық банк» атанса, Global Finance нұсқасы бойынша Қазақстандағы үздік коммерциялық банк ретінде танылды және т. б.

Несие портфелінің жылдық өсімі бойынша екінші орынға Bank RBK орналасты: өсім 39,2%-ды құрап, 1,6 трлн теңгеге дейін жетті. Үштікті Freedom Bank түйіндеді: несие портфелі 35,4%-ға көбейіп, 1,1 трлн теңгеге дейін жетті.
Үздік бестікке Kaspi Bank (плюс 33,4%) және Банк ЦентрКредит (плюс 18%) енді. Ондыққа кіретін ең ірі кредит беруші банктер арасында жылдық динамика жағынан 8 ЕДБ өсім көрсетті, ал жалпы сектор бойынша 16 банк оң көрсеткішке қол жеткізді.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы ЕДБ-ның 43,5 трлн теңгені құрайтын несие портфелінің 42,3 трлн теңгесі клиенттерге берілген қарыздарға тиесілі (бір жылда плюс 19,7%), оның ішінде қаржылық емес заңды тұлғаларға 16,4 трлн теңге (бір жылда плюс 19,3%), қаржылық заңды тұлғаларға 1,1 трлн теңге (бір жылда плюс 22,8%), жеке тұлғаларға 24,8 трлн теңге (бір жылда плюс 19,8%) қарыз берілді.
Қазақстандағы ЕДБ-ның жалпы несие портфеліндегі төлем мерзімі 90 күннен астам өтіп кеткен (NPL 90+) қарыздардың үлесі 3,6%-ды құрады, бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 3,1%-ды құрады. Несие портфелінің жылдық өсімі бойынша көшбасшылар арасында жағдай мынадай: ForteBank — 3,6%, Bank RBK — 3,4%, Freedom Bank — 1,3%.
Қазіргі уақытта Қазақстан банктерінің несие портфелінің сапасы жоғары. Реттеуші жүргізген тұрақты AQR талдауы 2025 жылы банктердің портфелінің сапасының артқанын, үшінші кезеңдегі кредиттердің үлесінің азайғанын және қосымша провизиялар көлемінің қысқарғанын көрсетті. Осы тексерудің жалпы нәтижелері сектордың жүйелік деңгейде тұрақтылығын растады, ал AQR-дан өткен 11 банктің, оның ішінде портфель өсімі бойынша көшбасшы банктердің капитал жеткіліктілігі 17,7%-ды құрады, бұл минималды нормативтік талаптан айтарлықтай жоғары.

