Қазақстандықтар мен ресейліктердің жалақы айырмашылығы азайды

Фото: https://www.shutterstock.com/

2023 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша орташа атаулы жалақы бойынша Ресей Еуразиялық экономикалық одақта көшбасшы болып қала береді: бірінші жартыжылдықтағы ресейлік көрсеткіш 915 АҚШ доллар болды. Бұл деректер Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) баяндамаларында келтірілген. Қазақстан былтырғыдай екінші орында. Қаңтар-маусым айларында еліміздің азаматтары орта есеппен 780 АҚШ долларын алды. Қырғызстан көп позицияларда аутсайдер. Бұл елдегі атаулы жалақы Қазақстаннан 2,1 есе, Ресейден 2,5 есе төмен.

ЕАЭО-да соңғы бірнеше жылдағы атаулы жалақы бойынша салыстырмалы деректерге қарасақ, 2020 жылдан бастап Қазақстан екінші орынды берік ұстанғанын айта аламыз. Одақтағы барлық елдердің ішінде Беларусь бізге ең жақын: бұл ел тұрғындарының жалақысының біздікімен айырмашылық шамалы. 2017 жылдан бастап әр жылдары қазақстандықтар мен ресейліктердің жалақысындағы айырмашылықтар айтарлықтай болды: Ресей тұрғындары 32%–52%-ға артық табыс тапты. Биыл қаңтар–маусым айларында ҚР мен РФ тұрғындары арасындағы атаулы жалақының алшақтығы алғаш рет 17,3%-ға дейін қысқарды.

ЕАЭО елдерінде бес жыл ішінде табыс деңгейі қалай өзгергенін салыстырған қызық. Мәселен, Қазақстанда атаулы ақшалай табыс былтыр 2017 жылмен салыстырғанда 45,4%, Ресейде 44,4%, Арменияда 57,3% өскен. Қырғызстан тағы да тізімнің соңында: осы жылдары ондағы жалақы 38,6% ғана өсті.

Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы еңбек нарығының мұндай әр түрлі көрсеткіштері көптеген ішкі және сыртқы экономикалық факторларға байланысты. Мысалы, атаулы (29,1% өскен) және нақты (14,6% өскен) жалақының өсу динамикасы бойынша ЕАЭО-да Қырғызстан көш бастап тұр. Бұл Орталық Азия мемлекеті 2022 жылы да осындай жақсы көрсеткіштерге ие болды. Дегенмен, бұл одақтағы көршілерін қуып жетуге әлі жеткіліксіз. Қазақстан атаулы жалақының жақсы өсімімен мақтана алады — 18%, бірақ инфляция бұны толығымен жеп жатыр. ҚР-да бірінші жартыжылдықта нақты жалақы 0,2% ғана өсті. Демек, қазақстандықтардың табысы қағаз жүзінде өсіп келеді, бірақ іс жүзінде олай емес.

Қазақстандықтар мен ресейліктердің жалақы айырмашылығы азайды