Қазақстан ең төменгі жалақы (ЕТЖ) деңгейі бойынша елдер рейтингінде 77-орынға ие болды. Былтыр ЕТЖ елде 128 АҚШ долларын құрады. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) мәліметінше, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Африка мен Азияның кедей елдерімен шамалас. ҚР-мен қатар рейтингте Кения (131 АҚШ доллары) және Непал (127 АҚШ доллары) тұр.
Рейтингтің басында Швейцария. ХЕҰ деректеріне сүйенсек, бұл елдің тұрғындары 41 сағаттық жұмыс аптасында айына кемінде 4,2 мың АҚШ долларын табады. Швейцарияда сағатына ең төменгі жалақы 25 АҚШ долларын құрайды. Үздік бестікке Аустралия, Люксембург және Ұлыбритания кірді.
Қазақстанның жақын көршілері, басқа посткеңестік мемлекеттер ең төменгі жалақы бойынша ҚР-дан онша ерекшеленбейді. ЕАЭО серіктестері — Ресей, Беларусь және Армения — сәл жоғарырақ ең төменгі жалақымен мақтана алады: 153 АҚШ долларынан 213 АҚШ долларына дейін. Бірақ Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде ең төменгі жалақы ҚР-дан да төмен.
ХЕҰ-ның 2022-2023 жылдардағы жаһандық жалақы туралы есебінде сарапшылар әлемнің көптеген елдерінде нақты жалақының төмендеуіне жоғары инфляция, пандемия және соңғы екі жылдағы геосаяси дағдарыс қатты әсер еткенін көрсетеді. Ең аз жалақы алатындар зардап шекті. Ал ең төменгі жалақыға номиналды түзетулер жағдайға көп көмектеспейді: ең төменгі жалақының сатып алу қабілеті төмендеді және бұл үрдіс жалғасуда.