Соғыс пен қақтығыс: соңғы жылдары әлемде не болып жатыр?

Фото: https://www.shutterstock.com/

1 274 просмотров

Ел ішіндегі және мемлекеттер арасындағы соғыстар мен түрлі қақтығыстар жыл сайын мыңдаған адамның өмірін қияды. Бүгінгі таңда әлемдегі ең көп талқыланатын қақтығыстардың бірі — Ресейдің Украинаға ашқан соғысы. Statista мәліметінше, 2022 жылдың 24 ақпанынан 2023 жылдың 17 сәуіріне дейін Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан 8,5 мың адам қаза тауып, тағы 14,4 мың адам жарақат алған.

Our World in data мәліметінше, қақтығыстардың ішінде ең көп адам қаза табуы соғысушы тараптардың кемінде бірінде мемлекет қатысқан жанжалдарда болады екен: 2020 жылы — 49,3 мың адам қайтыс болды. Мемлекеттік емес қақтығыстар, яғни екі немесе одан да көп ұйым соғысып жатқан, бірақ мемлекеттің қатысы жоқ қақтығыстар сол жылы 23,6 мың адамның өліміне себеп болды. «Бір жақты зорлық-зомбылық», яғни бір ғана ұйымдасқан агрессор болған жағдайдың нәтижесінде (мысалы, геноцид жағдайында) 8 мың адам қаза тапты.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі мемлекеттік қақтығыстардағы өлімнің төмендеуі 2010 жылға дейін жылдан жылға байқалды. Одан кейін 2014 жылға дейін өлім-жітімнің көбеюі басталды, кейінірек бұл үрдіс қайтадан төмендей бастады. Қақтығыстар салдарынан 112,7 мың адам қаза тапқан 2014 жыл ең жоғары көрсеткішке ие. Ол жылы Ливияда азаматтық соғыс, Африка елдерінде бірқатар қақтығыстар (Орталық Африка Республикасында, Оңтүстік Судан, Сомали, Нигерияда), Ауғанстанда қақтығыс, Украинаның шығысында ел әскері мен ДХР және ЛХР тұрақты емес әскери құрылымдары арасында соғыс болды. «Ислам мемлекеті» радикалды тобы ғасырдың бірінші онжылдығы ортасында пайда болды, бірақ оның белсенділігі 2014 жылдың жазында Сирия мен Ирактағы ауқымды және жеңісті шабуылдан кейін күрт өсті. Сонымен қатар, 2014 жылдың ортасында Израиль мен Палестина билігі арасындағы қиын қарым-қатынас күрт нашарлады.

Жоғарыда айтылғандай, 2020 жылы мемлекеттік қақтығыстар салдарынан 49,3 мың адам қайтыс болды — бір жыл бұрынғыдан 3,8%, 2014 жылғы ең жоғары деңгейден 2,3 есе аз, алайда 2010 жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп.

Соғыс пен қақтығыс: соңғы жылдары әлемде не болып жатыр?