Қазақстандықтар қай мемлекеттік органдарға жиі шағымданады?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Сәуір айының бірінші онкүндігінде «Ашық диалог» порталы арқылы мемлекеттік органдарға келген азаматтардың барлық өтініштері «Е-Өтініш» электронды үкімет алаңына көшіріліп, тұрғындарда көрінбейтіндей етіп жабылды. Бұдан былай қазақстандықтардың неге шағымданатынын әлеуметтік желілерден ғана байқауға болады. Аталған өзгеріске сай, министрлермен және әкімдермен тікелей кері байланыс енді жабық форматта жүзеге асырылады, жауапты тек енді өтініш берген адам ғана көреді.

«Ашық диалог» блог-платформасының жұмысын қорытындылай келе, біз қазақстандықтардың шенеуніктермен қарым-қатынастың бұл түріне қаншалықты көңілі толғанын бағаладық. 2012–2023 жылдары қазақстандықтар платформа арқылы 483,3 мың өтініш берген. Олардың 96,1%-на жауап алынған.

Өтініштердің ең көп саны Ішкі істер министрлігіне: 68,5 мың.Тұрғындар алаяқтардан көмек пен қорғауды сұрады, қылмыстық істі қарау кезінде тергеушілерге шағымданды, автокөліктер мен жол-көлік оқиғаларына қатысты мәселелерді шешуді сұрады. Айта кетерлігі, өтініш білдіргендердің барлығы дерлік жауаптарын алды.

Екінші орында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕӘҚМ). Осы он жылдан астам уақыт ішінде «Ашық диалог» сайты арқылы министрлікке 65,7 мың хат келіп түсті. 94,5%-на жауап берілді деп саналады. Шағымдар саны бойынша Қаржы министрлігі (ҚМ) үшінші орында: 59,5 мың өтініш.

Dialog.egov.kz статистикасы өтініш берушілердің шенеуніктердің пікірлеріне қаншалықты қанағаттанғанын бағалауға мүмкіндік береді. Жауап алғаннан кейін пікір білдірген өтініш берушілердің орташа есеппен 37,6%-ы жауапқа қанағаттанбаған.

Бұл қанағаттанбаушылық көрсеткіші орташа есеппен алынған. Мәліметтерді ведомстволар бойынша қарастыратын болсақ, жауаптарға қанағаттанбағандардың басым бөлігі Қорғаныс министрлігінде (84%) және Бас прокуратурада (62%) байқалады. Өтініштер саны бойынша алғашқы үштікте — Ішкі істер министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қаржы министрлігінің жауабына қанағаттанбау деңгейі орташа мәнде (тиісінше 34%, 39% және 35,6%).

Қазақстандықтар қай мемлекеттік органдарға жиі шағымданады?