2022 жылы ҚР-дағы ТҚҚ жинау мен өңдеу үлесі бір жыл ішінде небәрі екі пайыздық тармаққа өсіп, 25,4%-ды құрады. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің (ЭТРМ) мәліметінше, былтыр 4,3 млн тонна қоқыстың тек 1,1 млн тоннасы сұрыптау белдеуінен немесе қоқыс өңдеу зауытынан өткен. Дәл осындай динамика өнеркәсіптік қайта өңдеуде де байқалды. Былтыр өндірістік қалдықтардың тек 40%-ы ғана қайта өңделген немесе кәдеге жаратылған.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының деректерінше, ЭТРМ мамандары алдағы екі жарым жылда ТҚҚ өңдеу саласындағы экологиялық бағдарламаларды іске асырудан шамамен 3%-4% динамика күтеді. Егер осы жылдың соңына дейін белгіленген барлық жоспарлар орындалса, 2024 жылға қарай қалдықтарды сұрыптау және өңдеу деңгейі 27%, ал өндірістік қалдықтар — 42%, 2025 жылғы желтоқсанда сәйкесінше 34% және 46% болуы тиіс.
2022 жылға арналған сұрыптау және қайта өңдеу туралы ақпарат өңірлер мен мегаполистер арасында айырмашылық бар екенін көрсетеді. Былтыр сұрыптау мен өңдеу үлесі 75,2%-ды құраған Астана көшбасшылар қатарында. Қарағанды облысы да сұрыптау мен өңдеудің үлкен үлесі бар өңірлердің қатарында. Мұнда қалдықтардың 54,6%-ы сұрыптау белдеуіне жетеді. Өңдеу көрсеткіші орташа өңірлер Атырау (27,5%), Маңғыстау (32,1%) және Павлодар (27,3%) облыстары, сондай-ақ Шымкент (30,3%).
Өңірлердің көпшілігі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша республикалық деңгейден төмен көрсеткіште. 2022 жылы 14 өңір 25,4%-дық көрсеткішке жете алмады. Ең аз үлес Ұлытау (0,1%) және Абай (1,6%) облыстарында, бұл қайта өңдеу процесінің облыс орталықтарында шоғырлануымен және өңірлердегі бөлек жинау процесіне төмен тартылуымен түсіндіріледі. Аталған облыстар Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан әкімшілік жағынан бөлінгеннен кейін бірден байқала бастады.