Биыл қаңтар айының қорытындысы бойынша, бөлшек сауда көлемі 1,1 трлн теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғыдан ақшалай түрде 45,6% көбейді. Бөлшек сауданың физикалық көлемінің нақты өсімі 20,8%-ды құрады.
Өңірлер бойынша ең көп ресми тіркелген бөлшек сауда көлемі дәстүрлі түрде Алматыға тиесілі: ҚР-ның 31,7%-ы немесе 335,8 млрд теңге, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 2,1 есе көп. Көрсеткіштің осыншалықты күрт өсуіне басқа себептермен қатар былтырғы қайғылы «қаңтар оқиғасы» да себеп болды.
Екінші орында елорда: 128,8 млрд теңге, бір жылда 37,4% көбейген. Үздік үштікке Қарағанды облысы да кірді: 89,3 млрд теңге, бір жылда 13,5% өскен.
Ең төменгі көрсеткіштер Ұлытау, Жетісу және Түркістан облыстарында тіркелді: тиісінше 6,3 млрд, 15 млрд және 16,9 млрд теңге. Түркістан облысындағы халық тығыздығын ескере отырып, біз бұл оңтүстік өңірде бөлшек сауда көлемін ресми түрде тіркеу жағы ақсап жатыр деп сеніммен айта аламыз.