Мұнайдың қымбаттауынан Қазақстан экспорты 45% өсті

Фото: https://www.shutterstock.com/

Биылғы қаңтар–қазан айларында Қазақстанға тауар экспортынан 71 млрд АҚШ долларынан астам қаржы түсті — бұл соңғы жылдардағы осы кезеңдегі рекордтық көрсеткіш. Бұдан жоғары көрсеткіш тек 2011–2013 жылдары ғана болған.

ҚР-ның ең маңызды он экспорттық позициясы шикізат пен қоспасы аз өнімдерден тұрады. Тізімнің басында ақшалай жағынан да, жеткізілімдердің физикалық көлемі бойынша маңызды тауар — шикі мұнай мен мұнай өнімдері. Биылғы он айда Қазақстанға қара алтынды шетелге сатудан 41,5 млрд АҚШ доллары түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59% артық. Бұл ретте физикалық көлем аздап өзгерді (0,3% көбейді). Табыс динамикасының өсіміне халықаралық нарықтағы бағаның қымбаттауы себеп болған.

Экспорттың жалпы көлеміндегі мұнай өнімдерінен түсетін түсімдердің үлесі Қазақстанның шикізаттың осы түріне тәуелділігінің артып келе жатқанын көрсетті. Егер өткен жылдың он айында мұнай өнімдерінің жалпы экспорттағы үлесі 53,1%-ды құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 58,4%-ға өсті.

Мұнай өнімдері бағасының көтерілуі қазақстандық экспорттың жалпы өсіміне қаншалықты күшті әсер еткенін мына сандардан көруге болады. Жалпы, биылғы қаңтар–қазан айларында елімізге экспорттық жеткізілімдер 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 млрд АҚШ долларына көбейді. Оның 70%-ы немесе 15,4 млрд АҚШ доллары мұнайдан түсті.