Биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанда киім, түрлі тоқыма бұйымдары мен аяқ киім сатылымы екі есеге жуық өсті (97%). Физикалық мәнде көрсеткіштер мыналдай: 2023 жылдың қаңтар–маусым айларында киім мен аяқ киім сатылымы 2022 жылдың бірінші жартыжылдығындағы 52,8 млн бірліктен 103,9 млн бірлікке жетті.
Өсім біркелкі болмағанымен, барлық санаттар бойынша сұраныстың артуы байқалды. Осы алты айда әртүрлі сырт киімдер, шаңғы киімі, спорттық костюмдер мен жүзу киімдері екі есе көп сатылды. Свитерлер, жемпірлер және басқа да ұқсас өнімдер өткен жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда әлдеқайда көп сатылды: 76,3% артты. Сатып алу белсенділігі аяқ киім дүкендерінде де байқалды: қаңтар–маусым айларында қазақстандықтар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,8% көп сатып алды.
Осы тұтынушылық сегменттегі барлық дерлік позицияларда Қазақстанның ішкі нарығы импортқа тәуелді. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының ресурстар мен пайдалану балансы туралы ақпараты жоғарыда аталған барлық санаттар бойынша шетелдік жеткізілімдердің үлесі 95%–99% құрайтынын көрсетеді. Жоғары сұранысты импорт жауып отыр. Мұандай белсенділіктің себебі, «„QazIndustry“ Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ сарапшыларының мәліметінше, қазақстандықтардың тұтыну белсенділігінің артуы мен кейінге қалдырылған сұраныстың қосылуы.
Елдер бойынша Қытай ҚР-дағы өнімдердің негізгі жеткізушісі болып қала береді, ол киім мен тоқыма бұйымдарының жалпы жеткізілімінің 55,5% үлесін алады. Бірінші жартыжылдықта қытайлық кәсіпкерлер Қазақстанға тоқыма тауарларын жеткізуді заттай түрде екі есе, ақшалай түрде 3,5 есе арттырды. Қазақстандықтар импорттық киімге төлеген 1 млрд АҚШ долларының 577 млн-ын қытайлық өндірушілер алған. Төрт ірі киім жеткізушілердің тізімінде Түркия (17,4%), Өзбекстан (15,7%) және Ресей (7,3%) бар. Олардың барлығы жеткізілімдерді физикалық көлемде айтарлықтай арттырды.