2022 жылы Қазақстан ауасы ең ластанған 50 елдің қатарына енді. Швейцариялық IQAir компаниясының ауа сапасы жөніндегі есебінде еліміз 131 елдің ішінде 40-орында. Соңғы деректерге сәйкес, былтыр Қазақстанда PM2.5 (2,5 микроннан аз шаң және ластаушы заттар) орташа жылдық концентрациясы куб метріне 23 микрограммды құрады. Бұл ДДҰ нормасынан 3-5 есе көп.
2021 жылмен салыстырғанда IQAir сарапшылары басшылыққа алған қазақстандық қалалардағы PM2.5 концентрациясы көрсеткіштері жақсарды, бірақ бұл әлі оптимизмге негіз бермейді. Өйткені, көрсеткіш «өте нашар» санатынан «нашар» санатына көтерілді. 2021 жылы Қазақстан атмосфералық ауаның ластануы нормадан 5–7 есе жоғары елдер қатарына жатқызылды (көрсеткіш 31,1).
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 2022 жылы зерттелген 69 елді мекеннің (мегаполистер, ірі және орта қалалар, ірі елді мекендер) тек үштен бірі ғана ластану деңгейі төмен санатқа жатады. Жартысына жуығы — 30 елді мекенде ауаның ластану деңгейі жоғары және өте жоғары. Олардың қатарында Қарағанды, Өскемен, Жезқазған, Теміртау, Алматы, Астана, Атырау, Ақтау және т. б. бар.
2017 жылы ең лас санатқа жеті қала мен ауыл кірді (одан кейін мониторинг 49 елді мекенде жүргізілді): Шымкент, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Глубокое ауылы (ШҚО), Қаратау. Осылайша, осы бес жыл ішінде Өскемен, Теміртау, Қарағанды, Жезқазған тұрғындары үшін жақсы жаққа өзгерген ештеңе жоқ.
Енді біз ауаның экологиялық жағдайы жағынан деградацияға ұшыраған қалаларды қарастырамыз. Алматы, Астана, Семей, Риддер, Ақтау, Атырау, Петропавл, Орал, Қостанай, Балқаш, Ақтөбе ластануы көтерілген немесе төмен санаттан ең лас санатқа көшті.
Қазақстанда салыстырмалы түрде таза ауа атмосфераға көп мөлшерде шығарындылары бар ірі өнеркәсіп орындары жоқ шағын қалаларда байқалады. Бұл Түркістан, Алтай, Көкшетау, Талғар. «Жасыл» қалалар тізіміне Екібастұз, Рудный, Ақсу, Кентау да кіреді.