Мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен үш бөлігін салықтар қамтамасыз етті

Фото: https://www.shutterstock.com/

2022 жылдың қаңтар–желтоқсан айларының қорытындысы бойынша, еліміздің мемлекеттік бюджетке 20,2 трлн теңге түсті, бұл бір жыл бұрынғыдан 27,8% артық.

Салыстыру үшін: 2021 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында мемлекеттік бюджеттің кірісі бір жыл ішінде 9,1% өсіп, 15,8 трлн теңгені құрады.

Кірістің басым бөлігі — 73,3%-ы дәстүрлі түрде салық түсімдері есебінен алынған. Салық түсімдері бір жылда 38,4% өсіп, 14,8 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге ішкі салықтар — 5,8 трлн теңге, табыс салығы — 5,5 трлн теңге, халықаралық сауда және сыртқы операцияларға салық — 2 трлн теңге, әлеуметтік салық — 1 трлн теңге, мүлік салығы — 455,3 млрд теңгені құрады.

Салықтық емес түсімдер бір жылда 41,1% өсіп, 584,8 млрд теңгеге жетті. Олардың басым бөлігі мемлекеттік меншіктен түскен кірістерден (338,9 млрд теңге), сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен немесе ҚР Ұлттық банкінің бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер салатын айыппұл, өсімпұл, санкция, өндіріп алулардан (112,8 млрд теңге) түскен.

Негізгі капиталды сатудан түскен кіріс 239,9 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 15% артық. Оның ішінде мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті сатудан 200,2 млрд теңге, жер учаскелері мен материалдық емес активтерді сатудан — 32,8 млрд теңге, мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды сатудан — 7 млрд теңге кіріс түсті.

2022 жылдың он екі айында трансферттердің түсімдері бір жыл ішінде 1,8% өсіп, 4,6 трлн теңгені құрады.

Мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен үш бөлігін салықтар қамтамасыз етті