Былтыр интернет алаяқтары қазақстандықтарға 20 миллиард теңгеден астам шығын келтірген

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қазақстанда 2018 жылдан бері алғаш рет интернет-алаяқтық саласындағы қылмыстар саны азайды. 2022 жылы осындай 20,6 мың құқық бұзушылық тіркелді (3,9% азайған). Келтірілген шығын, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 20 млрд теңгеден асты.

Қылмыстық әрекеттің бұл түрі соңғы жылдары өте қарқынды дамып келеді. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (ҚС АЕК) есебінде қылмыстыың бұл түрі 2018 жылдан бастап бөлек көрсетіле бастады. Сол жылы полицейлер мұндай 517 қылмысты ғана тіркеген. 2019 жылдан бері Қазақстанды интернет-алаяқтық күрт көбейіп, 7,8 мыңға жетті. Пандемия жағдайды одан сайын ушықтырып, 2021 жылы соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш: 21,4 мың осындай құқық бұзушылықтар тіркелді.

2022 жылы аздап төмендегеннен кейін биыл киберқылмыс қайтадан қарқын ала бастады. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында статистика тағы да өсім көрсетті. Алғашқы екі айда құқық қорғау органдары онлайн-алаяқтардан құқық бұзушылық туралы 3,4 мың шағымды қарауға алды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1% артық.

Бір қызығы, интернеттегі меншікке қарсы қылмыстар ашылу деңгейі төмен. Мәселен, былтыр тергеу органдарының өндірісінде болған 22,9 мың қылмыстық істің (мұнда өткен жылғы қозғалған істері ескерілген) 17,2 мың арыз тергеу кезеңінде үзілген. Яғни, он қылмыстық істің жетеуі сотқа жеткізілмеген. Себебі қылмыскер табылмаған.

Мұндай қылмыстық істердің 11%-ға жуығы (2,5 мың) түрлі себептермен жабылғандықтан, сотқа дейін жетпеген. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35 және 36-баптарында оннан астамы көрсетілген. Бұл жерде және қылмыс құрамының болмауы және ескіру мерзімінің өтуі, рақымшылық жасау және басқа да көптеген себептер бар.

2022 жылы тек 15%-ға жуығы, яғни 3,4 мың қылмыстық іс тікелей сотқа жолданған. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша жаза айыппұлды да, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды да қарастырады. Жазаның ауырлығы көптеген факторға, соның ішінде келтірілген зиянның мөлшеріне, эпизодтардың санына, ауырлататын немесе жеңілдететін жағдайларға байланысты.

Былтыр интернет алаяқтары қазақстандықтарға 20 миллиард теңгеден астам шығын келтірген