Бүгінде әрбір төртінші қазақстандық үш мегаполистің бірінде тұрады. Ал егер бес жыл бұрын Астана, Алматы, Шымкент тұрғындарының жалпы үлесі ел халқының 20,8%-ын құраса, биыл ол 23,8%.
Үш мегаполистің әрқайсысында жыл сайын өңірлерден ішкі көші-қон есебінен тұрақты өсім байқалады, дегенмен әр қаланың қарқыны әр түрлі. Мысалы, халық 2017 жылдан бастап елордаға белсенді түрде көше бастады. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жалпы Астана тұрғындарының саны 2012 жылдан бастап 82,3% өсті. Егер он жыл бұрын елордада 742 мың адам тұрса, 2023 жылы шамамен 1,4 млн халық тұрады.
Алматыда да жағдай осындай: он жыл ішінде халық саны 700 мыңнан астам адамға өсіп, 2,2 млн адамға жетті. Салыстырмалы көрсеткіштерде бұл 49,1% көбейген деген сөз. Соңғы жылдар ішіндегі динамика 3%-4% аралығында болды. Ерекшелік тек 2015 және 2022 жылдар ғана.
Алты жыл бұрын республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкент халқы жыл сайын 3%–8% өседі. Сонымен қатар, максималды өсім 2022 жылы тіркелді.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мамандарының демографиялық болжамдарына сүйенсек, 2030 жылға дейін еліміздің ірі қалаларына көші-қон ағындарының жалғасуын күтуге болады. Алдағы жеті жылда Астанада халық саны тағы 30,5%, 1,8 млн адамға дейін (реттеу шараларын есепке алмағанда), оңтүстік астанада 17,5%, 2,5 млн адамға дейін, Шымкентте 22,2%, 1,5 млн адамға дейін өседі.