Қазақстанда жол ережесін бұзу фактілері жиі тіркеліп, оларға айыппұл салынды. Толық емес соңғы бір жылда көліктегі әкімшілік құқық бұзушылықтар саны 21,4% өсіп, 8,2 млн оқиағға жетіп, айыппұл сомасы 88,7 млрд теңге болды. Оның 74,2 млрд теңгесі бюджетке төленді.
88,7 млрд теңге — соңғы бірнеше жылда салынған айыппұлдардың ең көп сомасы. Бес жыл бұрын, яғни 2018 жылы жол қозғалысы ережесін бұзудан бюджетке 3,5 есе аз түскен — 25,7 млрд теңге. Бес жылдық кезеңдегі (2017–2022) деректерді салыстыратын болсақ, 2,9 есе өскенін атап өтуге болады. Бұл үрдіске бірнеше факторлар әсер етті. Біріншіден, жеңіл автокөліктер саны 13,2% өсті. Екіншіден, жол қозғалысы ережелерін сақтамау фактілері бейнебақылау жүйелері арқылы автоматты түрде тіркеле бастады. Мәселен, 2022 жылы рұқсат етілген жылдамдықтан асып кету жағдайлары 2017 жылмен салыстырғанда 9 есе, яғни 344 мыңнан 3,1 млн-ға дейін өсті. Былтыр өсім жалғасты. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (БП ҚС АЕК) есебінше, 2023 жылғы қаңтар–қарашада «Сергек» камералары мен жол полициясы радарлары арқылы рұқсат етілген жылдамдықты асырған 3,9 млн автокөлік ұсталды (осы кезеңге 35,2% көбейген). Сонымен қатар, бұл бұзушылықтардың көпшілігін спидометрі ең минималды 10-20 км/сағ асырған көлік жүргізушілері жасаған.
Биыл «Сергек» камерасына түскен заң бұзушылықтар бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені ірі қалаларда пилоттық жоба жүзеге асырылуда, бұл камера арқылы жылдамдықты асырып қана қоймай, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтуге рұқсат беру талаптарының сақталмауын да түсіруге мүмкіндік береді. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің хабарлауынша, енді қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланатын жүргізушілерді де камералар арқылы бақылауға болады.