Бағдарлама жұмыс істеген 30 жыл ішінде 400-ге жуық бұрынғы «болашақтықтар» стипендиясынан айырылды немесе одан бас тартты. Бұл туралы сенатор Андрей Лукин айтты. Бағдарламаға қатысу шарттарына сәйкес, егер қандай да бір себептермен оқуын аяқтамаған немесе белгілі бір мерзімде мамандығы бойынша жұмыс істемеген түлек шәкіртақыға жұмсалған ақшаны мемлекетке қайтаруы тиіс. Мәселен, осы 400 проблемалы түлектің бюджет алдындағы қарызы қазірдің өзінде 6,7 млрд теңгеге таяп қалды.
Депутаттың бұл деректерін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қаржылық есептері де растайды. Оларды осы қарыздың өсуін бақылау үшін пайдалануға болады. 2017–2022 жылдар аралығында қарыз сомасы 15,6% — 5,8 млрд теңгеден 6,7 млрд теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ құжаттарда оқуын аяқтамаған «Болашақ» бағдарламасының студенттері қандай соманы қайтарғаны көрсетілген. Былтыр бұл сома 1,6 млрд теңгені құраған.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша үш онжылдықта 15 мың адам оқытылды. Оның ішінде 12,4 мың стипендиат оқуын аяқтады. Сенатордың айтуынша, биыл бақылаушы органдар түлектердің Қазақстанға оралмауы немесе мамандығы бойынша үздіксіз жұмыс істеу талабын бұзуы бойынша 1 мыңға жуық деректі анықтаған.
Кепілге қойылған мүліктен ауыртпалықтарды заңсыз алып тастау фактілері бар (шетелге оқуға кеткен кезде стипендиат жылжымайтын мүлікті кепілге қалдыруға міндетті). Орталықтың бұрынғы басшылығы оқуға кеткен шығыны 100 млн теңгеден асатын түлектердің мүлкіне салынған кепілдікті алып тастау туралы шешім қабылдады.