Қазақстандағы геологиялық барлау қиын кезеңді бастан кешіріп отыр. Бір жағынан, өндіруші өнеркәсіп үшін негізгі тірек болып табылатын бұл сектор Қазақстанның бай кен қорында үлкен әлеуетке ие. Екінші жағынан, геологиялық салада даму үшін назардан тыс қалдырылмайтын мәселелер бар. Бұл — деректерді цифрландыру, әлеуетті инвесторлар үшін геологиялық ақпаратқа қолжетімділік беретін ашық жүйе енгізу, ең бастысы, қолданыстағы және жаңа жобаларға белсенді түрде инвестиция тарту.
Жер қойнауын пайдаланушылар мен шенеуніктер елдің кейбір аймақтарында орналасқан кен орындарында түсті металдардың сарқылып бара жатқанын бірнеше рет жариялады. Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарындағы деректер бойынша мыс қоры ашық әдіспен 10–12 жылда, темір қоры 20–25 жылда таусылуы мүмкін. Жердің беткі қабатынан алынатын хромға бай кендер бұрыннан толық игерілген. Алға жылжу үшін салаға жаңа, күрделі технологиялар, қымбат инновациялар, қаржылық ресурс қажет.
Бұл көптеген проблемаларға себеп болуы мүмкін: бюджет үшін салықтық база азайып, көптеген қалаларда әлеуметтік-экономикалық күйзеліс туындауы ықтимал. Мұндай болжамдар Қазақстан Республикасының геология саласын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілді.
ТМК-ның дамуына кедергі болып отырған негізгі мәселелердің бірі — геологиялық барлаудың түйткілдері. ҚР Жоғары аудиторлық палатасы сарапшыларының деректеріне сай кен қорының басым бөлігі тек «қағаз жүзіндегі» ресурстар. 2022 жылы Қазақстанда геологиялық барлауға жұмсалған шығындар 1 шаршы км үшін небәрі 63 АҚШ долларын құрады, ал әлемдік ТМК көшбасшылары сол кездің өзінде бірнеше есе көп (1 шаршы км үшін 170-тен 300 АҚШ долларына дейін) қаражат жұмсаған.
Қазақстанда барланған қорлардың едәуір бөлігінің сапасы төмен, сондықтан мұндай пайдалы қазбаларды тиімді өндіру үшін жаңа технологиялар, инновациялар қажет. Инвестицияны талап етеді. ТМК секторы халыққа пайдасын тигізетіндей жұмыс істеуі керек. Мұнда ESG қағидаттары ғана емес, өндірістік қауіпсіздік те маңызды, себебі онсыз ешқандай даму болмайды.


