ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресу жөніндегі жаһандық қордың (ЖҚ) мәліметінше, Қазақстан 2024 жылдан бастап опиоидты алмастыратын терапия бағдарламасын мемлекеттік қаржыландыруға ауыстырады. 2008 жылдан қазіргі уақытқа дейін метадон жобасын Жаһандық қор қаржыландырып келеді. Қор сайтындағы мәліметтерге сәйкес, біздің елге дәрінің жылдық көлемін сатып алу үшін жылына 146,6 мың АҚШ доллары (ҚР Ұлттық банкінің 26 қыркүйектегі бағамы бойынша 69,5 млн теңге) қажет болады.
Жаһандық қордың мәліметінше, ҚР-да жылына орта есеппен 300 шақты адам метадон бағдарламасына қатысады. Жобаның ең басында небәрі 49 қатысушы болса, биыл сәуір айының аяғында — 399 болған. Халықаралық ұйымдар сарапшыларының сараптамалық қорытындыларына қарағанда, Қазақстанда метадон қабылдағандардың саны өте аз. Бағдарлама авторларының пікірінше, АИТВ-инфекциясын жұқтырған нашақорлардың зиянын азайту, оларды әлеуметтендіру және декриминализациялау тиімділігіне қол жеткізу үшін есірткі тұтынушылардың 20%–40% алмастырушы терапияға қатысқаны жөн. Біздің елімізде нашақорлардың ықтимал болжамды саны 79,9 мың адамды құрайтынын ескере отырып (ҚР Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының мәліметі) метадонмен емделгендердің үлесі өте аз: 1%-дан төмен. Жобаға қатысушылардың санына қатысты халықаралық ҮЕҰ сарапшыларының ұсыныстары — жыл сайын 1,1 мың адам.
Қазір бағдарлама еліміздің 12 өңірінде жұмыс істейді, 16 ОАТ кеңсесі мегаполистер мен ірі облыс орталықтарында жұмыс істейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен «ҚазАқпарат» ХАА-ның сұрауы бойынша алынған ақпаратына сәйкес, метадон бағдарламасы қолданылған 15 жыл ішінде одан 1594 қазақстандық өткен. Жобаға қатысушылардың орташа болу ұзақтығы екі жыл. Метадон алатын нашақорлардың орташа жасы — 43 жас.