Дәрі-дәрмектің қымбаттауы бойынша Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақта жетекші орынға ие. Елімізде мамырда дәрі-дәрмек бір жылда 11% қымбаттады, ал ЕАЭО елдерінде бұл көрсеткіш орташа есеппен 4,2%. Бірінші орында 16,1%-бен Қырғызстан тұр. Қазақстанға дәрі-дәрмек жеткізуші Ресей мен Беларусь елдерінде бағаның өсуі соншалықты байқалмады. Онда фармацевтикалық өнімдер бағасы тиісінше 3% және 0,8% өсті. Мұндай мәліметтерді Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлады.
2022 жылы да осындай жағдай болды: фармацевтикалық өнімдерге баға динамикасы бойынша Қазақстан одақта екінші орынға шықты. ЕАЭО елдерінде бірдей дәрі құны неге әр түрлі екенін түсіну үшін ЕЭК сарапшылары былтыр егжей-тегжейлі зерттеу жүргізді. Қазақстанда 50 дәрінің 30-ның бағасы Ресейге қарағанда жоғары болып шықты. Айырмашылық аз болуы мүмкін - 9% шегінде, ал кейбір дәрілер үшін ол 310%-ға жетті. Одақтың біртұтас фармацевтикалық нарығындағы мұндай диспропорцияның себебі — елдердегі мемлекеттік бағаны реттеу әдістерінің әртүрлілігі. Дәрілік заттардың құнын бақылау Армениядан басқа ЕАЭО-ның барлық елдерінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, одаққа мүше қалған төрт елде бағасы реттелетін дәрілердің талаптары мен тізімі әртүрлі және көптеген түрлі факторларға байланысты.
Мысалы, Қазақстанда шекті баға белгіленетін дәрілік заттардың тізбесі 6 мыңнан астам пунктен тұрады (дәрілік заттардың әртүрлі дозаларын ескергенде). Биылдан бастап еліміз бағаны реттеу бағытын ұстанды. Яғни, бірте-бірте, бірнеше жыл ішінде мемлекет бақылауындағы дәрілердің тізімі қысқарады.