Қазақстанның курорттары қымбаттады

Фото: https://www.shutterstock.com/

Биыл отандық курорттардағы демалыс қазақстандықтарға қымбатқа түсті. Қонақүйлерде, лагерьлерде, демалыс үйлерінде және курорттық аймақтардағы басқа да тұру орындарында тұрудың күнделікті құны, 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы деректерге сәйкес, бір жыл ішінде шамамен үштен бірге қымбаттады. Орта есеппен қаңтар–наурыз айларында бір орын 14,4 мың теңге болса, бір жыл бұрын 11,3 мың теңге болған.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының сарапшылары нысандардың алты санаты бойынша бір орынды жалдау құны туралы ақпарат жариялайды: жұлдыздық рейтингі бойынша бөлінетін қонақ үйлер (1*-ды санамағанда), мүлде жұлдызсыз қонақүйлер және басқа орналастыру орындары. Берілген нөмірлердің санына қарағанда, соңғы екі санат қазақстандықтар арасында ең танымал. Жұлдызы жоқ қонақүйлер мен басқа орналастыру орындарына нарықтың 64,5%-ы тиесілі. Мұнда келушілер саны туралы емес, берілген бөлмелер саны туралы айтып отырғанымызды баса айтамыз.

ҰСБ мамандары басқа орналастыру орындары санатына түрлі туристік базаларды, демалыс үйлерін, шале үйлерді, бунгалоларды және т. б. жатқызады. Биыл бірінші тоқсанда бір орынның орташа құны 9,9 мың теңге болды, бұл бір жыл бұрынғыдан 28,7% көп. Осылайша, бұл туристік нысандарда апта сайынғы демалыс бір келушіге 69,3 мың теңгені құрайды.

Жұлдызды қонақүйлерде биыл бағаның көтерілуі айтарлықтай болды. Мысалы, бес жұлдызды қонақүйлерде орналастыру қызметі бір жылда 40,3% қымбаттады: бір қонақ күніне орта есеппен 55,8 мың теңге төледі. Осылайша, бір адамға ең жақсы қонақүйлерде тұру аптасына 390,8 мың теңгеге шықты.

2022 жылға Қазақстанның курорттық аймақтарындағы орналастыру орындарында көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 101,7 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 75,3% көп. Биыл бірінші тоқсанда да бұл динамика сақталды: қаңтар–наурызда қонақүй, отель мен демалыс орындары былтырғы бірінші тоқсанындағы 13,2 млрд теңгенің орнына 23,2 млрд теңгеге қызмет көрсетті.

Қазақстанның курорттары қымбаттады