Былтыр Қазақстанда дәрілік заттар мен фармацевтикалық өнімдердің өндірісі құндық мәнде 36,1 млрд теңгеге немесе 18,2% қысқарды. Егер 2021 жылдың соңында фармацевтикалық компаниялар 198,7 млрд теңгенің өнімін шығарса, былтыр бар болғаны 162,6 млрд теңгені құраған. Көрсеткіштің төмендеуі фармацевтика өнімдері өндірісінің айтарлықтай төмендеуіне байланысты болды (құндық мәнде 58,4% азайды). Осы кезеңде дәрі-дәрмек өндірісі де төмендеді, бірақ соншалықты көп емес, бар болғаны 4,5% ғана. Фармацевтика өнеркәсібінде басқа да өнім өндірісі 61,1% төмендеді.
Сонымен қатар, былтыр отандық статистика мамандары импорттық дәрі-дәрмек көлемінің артқанын атап өтті. 2022 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында Қазақстан шамамен 1,4 млрд АҚШ долларына 26,4 мың тоннадан астам фармацевтикалық препарат пен дәрі-дәрмек сатып алды. Өсім физикалық мәнде 21,8%, құндық мәнде 25% көбейді.
Proxima Research Inretnational халықаралық аналитикалық компаниясының мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылы дәрі тұтыну көлемі 1,3% төмендеген: 626 млн-нан 618 млн-ға азайды. Төмендеу мемлекет медициналық мекемелерге дәрі-дәрмек сатып ала бастағандықтан болды. Бұл өз кезегінде ҚР орталықтандырылған денсаулық сақтау жүйесіне дәрі-дәрмек сатып алу бойынша бірыңғай операторға 52 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге көмектесті. Осылайша, 2022 жылы мемлекеттік шығындардың жалпы көлемі 336 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 13,4% аз.
Бірақ бөлшек саудада үнемдеу байқалмады. Қаптамалар саны бойынша халық сатып алған дәрілік заттардың көлемі азайғанымен (бар болғаны 0,4%), құндық мәнде 2022 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 9,3% өсті. ҚР халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы сарапшыларының пікірінше, нарықтың бөлшек сауда сегменті көлемінің ақшалай түрде ұлғаюы көбіне инфляцияға байланысты.