Былтыр Қазақстанның жиһаз өнеркәсібі үшін қиын болды. Жиһаз жасаушылар пандемиядан айығып үлгермей тұрып, қайтадан құлдырады. Өнеркәсіптік өндіріс индексі 2021 жылғы 107,8%-дан 2022 жылы 89,3%-ға дейін төмендеді (100%-дан төмен ӨӨИ сектордағы өнім көлемінің төмендеуін көрсетеді). Бұл соңғы онжылдықта саладағы екінші осындай ауыр жыл. Дәл осындай құлдырау 2020 жылы да болған, ол кезде индекс 89% болды. Айырмашылығы, пандемияның бірінші жылындағы локдаун кезінде халықтың жиһаз сияқты бірінші қажеттілікке жатпайтын тауарларды сатып алуға мүмкіндігі болмады (және көбінің ақшасы болмады). 2022 жылы жиһаз фабрикалары мен дүкендер үзіліссіз жұмыс істеді, көптеген тауарларға сұраныс тіпті өсті, бірақ бизнес импортпен бәсекеге төтеп бере алмады. Жалпы, сектордың құлдырауы 2015 (2,6%) және 2012 (8,7%) жылдары да байқалды, бірақ соңғы онжылдықта айтарлықтай өсім (кем дегенде 10%-дан жоғары) байқалған жоқ.
Қазақстандық компаниялардың өткен жылы ең көп өндірген өнімі (1 млн данадан) қаңқасы металл орындық, кресло және басқа да отыратын жиһаздар. Соңғы бір жылда бұл санаттағы өнім көлемі аздап өсті: бар болғаны 2,7%. Ас үйге арналған әртүрлі жиһаздар (11,8% көбейді), асхана мен қонақ бөлмеге арналған жиынтықтар (15,8% көбейді) көбірек шыға бастады. Бірақ бизнес сегментімндегі жағдай нашар. 2022 жылдың қаңтар–желтоқсанында отандық жиһаз компаниялары ағаш кеңсе жиһазы өндірісінің 38,8%-ын жоғалтты. Жатын бөлмеге арналған ағаш жиһаз өндірісінің көрсеткіштері де (төсек пен шкафтан басқа) шамамен үштен бірге төмендеді.