2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық кәсіпорындардың инновация саласындағы белсенділігі өткен жылдардағыдай төмен деңгейде қалды. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректері бойынша жаңа өнімдерді әзірлейтін немесе өз жұмысына енгізетін компаниялардың үлесі бар-жоғы 11,9%-ды құрады. Абсолюттік мәндегі өзгерістер де аса байқала қойған жоқ. Егер 2020 жылы елімізде инновацияны қолданатын 3,2 мың кәсіпорын болса, өткен жылы олардың саны 3,8 мыңды құрады.
Мұндай озық компаниялардың жартысынан астамы, күтілгендей-ақ, тек екі қалаға — Алматы мен Астанаға тиесілі. 2025 жылы осы екі ірі мегаполистегі инновациясы бар кәсіпорындардың жалпы саны 1,9 мыңнан асқан. Бұл ретте қос шаһардағы бизнестің инновация саласындағы белсенділік деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен аса қатты ұзап кете қойған жоқ: сәйкесінше 15,1% және 16,1%-ды құрады.
Неліктен қазақстандық 10 кәсіпорынның 9-ы жұмысына инновацияларды енгізбейді? Себептерді талдау нарықтық және экономикалық факторлардың басым рөл атқаратынын көрсетеді. Ең үлкен топ — 12,5 мың кәсіпорын немесе 48,4%-ы — басты себеп ретінде тұтынушылар тарапынан мұндай тауарлар мен қызметтерге сұраныстың жоқтығын атап өткен. Бірден айта кетейік: компаниялар жауаптың бірнеше нұсқасын көрсете алған, сондықтан мұнда тұтас бір проблемалар кешені байқалуы мүмкін.
Себептердің арасында екінші орында инновациялық қызметті қаржыландырудың жоқтығы немесе оның тым қымбаттығы тұр. Бұл туралы шамамен 8,4 мың компания немесе 32,4%-ы мәлімдеген. Сондай-ақ қажетті инновацияларды бұған дейін енгізіп үлгерген және әзірге жаңаларына қажеттілік көріп отырмаған кәсіпорындар да айтарлықтай үлесті құрады: 2,2 мың компания.
Кедергілер ретінде кадр тапшылығы (бұл туралы 567 кәсіпорын мәлімдеді) және жалпы әкімшілік пен нарықтық қиындықтар да аталды, олардың қатарында технологиялар туралы ақпараттың жеткіліксіздігі де, серіктестер табудағы қиындықтар мен нарықтағы басымдыққа ие ойыншылар тарапынан болатын қысым да бар.


