Ұйымдасқан қазақстандық туристер санының жылдық өсімі соңғы үш айда 35%-дан асты
Әлемдік туризм «коронадағдарыстан кейін» көрсеткіштерін толық қалпына келтірді деп айтуға болады: «БҰҰ-туризм» Дүниежүзілік туризм ұйымының деректері бойынша 2024 жылдың алғашқы жеті айында халықаралық туристердің саны 2019 жылғы деңгейге қарағанда, 96%-ға жетті. Бұл шамамен 790 млн сапарды құрайды, 2023 жылмен салыстырғанда, 11%-ға көп. Еуропа мен Америка аймақтары «коронадағдарысқа дейінгі» деңгейдің 96%-97%-ын қалпына келтірді, ал Таяу Шығыс пен Африка, тіпті, бұл деңгейден 26%-ға және 7%-ға асып түсті.
Қазақстанда сектордағы динамика бүкіл әлемдік динамикаға сәйкес келеді деуге болады. Мәселен, 2023 жылы ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректері бойынша қазақстандық сыртқы туристердің саны 10,5 млн адамға жетті, 2022 жылмен салыстырғанда, 11,2%-ға ұлғайды. Көрсеткіш 2019 жылғы «коронадағдарысқа дейінгі» деңгейдің 98%-ын құрады.
Айта кетерлігі, ҰСБ деректері кез келген мақсатпен Қазақстаннан тыс кез келген межелі жерге сапар шеккен барлық саяхатшыларды қамтиды (яғни, бұл іссапарлар, демалыстар, туыстарына бару және басқа да жеке мақсаттар болуы мүмкін).
Егер демалысқа баратын және турлар сатып алатын ұйымдасқан туристер туралы айтатын болсақ, деректерді басқа дереккөздерден іздеу керек. Мәселен, Tourcode.kz порталында берілген «Туристік Қамқор» бейіндік қорының деректері бойынша Қазақстаннан шетелге шыққан ұйымдасқан туристердің саны биылғы жылдың қаңтар–қазан айларында 927,4 мың адамға жетті.
Қазан айында осындай туристердің саны 75,5 мыңды құрады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда, бірден 35,8%-ға көп. Жалпы алғанда, биыл ай сайынғы динамикада айтарлықтай жылдық өсім тамыз, қыркүйек және қазан айларында (35%-36%-ға өсті), ең аз көрсеткіш қаңтар және мамыр айларында (8%-9%-ға өсті) байқалды. Толығырақ кестеден көруге болады.
Бір қызығы, әлемде туризмді онлайн түрде ұйымдастыру қарқынды дамып келеді. Сарапшылардың деректеріне сүйенсек, 2023 жылы саяхатты онлайн-брондау нарығының көлемі 521 млрд АҚШ долларын құрады, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 1 трлн АҚШ долларына жетеді деп болжануда. 2019 жылы барлық саяхаттың 57%-ы онлайн режимінде брондалды, ал 2022 жылы саяхат және туризм саласындағы барлық сатылымдардың 68%-ы онлайн сегментке тиесілі болды. 2028 жылға қарай онлайн-сатылымдар саяхат және туризм секторындағы кірістің 76%-ын құрайды деп болжануда.
Туристік нарық сегменттерінің ішінде әуе билеттері, тұру ақысы және қосымша қызметтерді қамтитын пакеттерді брондау ең көп сұранысқа ие. Бұл сегмент тұтынушыларға ұсынылатын ыңғайлылық пен үнемділіктің арқасында серпінді өсіп келеді. Ал Booking.com пен Tripadvisor.com жаһандық нарықта негізгі жүйелер болып қалды.
Қазақстанда саяхат және туризм секторында онлайн-сату туралы деректер аз. Алайда біз Kaspi.kz ұсынатын есепті қарастырдық, ол тоқсан сайын өз деректерін жариялап, Kaspi Travel арқылы турлар бойынша ақпаратты жеке көрсетіп отырады.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Kaspi Travel қызметтерін пайдаланған туристердің саны 16 мың адамды, екінші тоқсанында 26,8 мың адамды, үшінші тоқсанында 25,9 мың адамды құрады. Жалпы алғанда, біз жоғарыда келтірген «Туристік Қамқор» қорының деректері бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ұйымдасқан туристер саны 199,8 мың адамға, екінші тоқсанында 266,3 мың адамға, үшінші тоқсанында 385,8 мың адамға жетті.
Яғни, ең көп дегенде, Kaspi Travel-дің үлесі екінші тоқсанда тек 10%-ды, бірінші тоқсанда 8%-ды, үшінші тоқсанда небәрі 6,7%-ды құрады. Демек, қазақстандықтар әлі күнге дейін нарықта 90%-дан астам үлесті құрайтын туристік агенттіктердің қызметіне жүгінуді жөн санайды.
Қорытындылай келе, бір нәрсе айтуға болады: әлемдегі туристік сала қарқынды түрде қайта жанданып келеді. Сарапшылар алдағы уақытта да оң көрсеткіштердің болатынын болжауда: мысалы, The World Economic Forum сарапшылары әлемдік ЖІӨ мен жұмыспен қамтудың 10%-ын тарихи қамтамасыз етіп отырған саяхат пен туризм секторының сауатты стратегиялық басқарумен жақын арада бүкіл әлемдегі қауымдастықтардың әл-ауқаты мен өркендеуінің негізгі факторы болуға әлеуеті бар екенін атап өтті. Сондықтан, клиенттер барлығына жеткілікті. Тек тұтынушыларға сапалы өнім ұсыну қажет.