ҚР ІІМ Ішкі істер министрлігінің 2022 жылғы наурыздан биылғы наурызға дейінгі айлық статистикасы еліміздегі электрокөлік санының айтарлықтай өскенін көрсетеді: 631-ден 1,9 мыңға дейін ұлғайды. Соның ішінде былтыр желтоқсан айында тіркелген электрокөлік саны күрт көбейіп, 521-ге артты. Сонымен қатар биыл қаңтар–наурыз аралығында электрокөлік сатылымы қарқынды өсті.
Дегенмен, өсім динамикасына қарамастан, Қазақстанның жалпы автопаркіндегі электрокөліктердің үлесі өте аз. Егер былтыр наурыз айында электрокөліктің үлесі 0,01%-ды құраса, 2023 жылдың 1 сәуірінде ол 0,04%-ға ғана жетті.
1,9 мың «жасыл» көліктің 1,6 мыңы жеңіл көліктер. Олардың үлесі 84%-дан асады. Электр қозғалтқыштары бар жүк көліктері мен автобустар әлдеқайда аз: тиісінше 8,8% және 6,9%. Сонымен қатар, статистикалық есептерге жүгінсек, мұндай қоғамдық көліктердің негізгі бөлігі былтыр желтоқсан айында ғана сатып алына бастаған. Ол кезде бірден 109 электробус тіркелсе, биыл наурыз айының соңына дейін олардың саны 134-ке жеткен.
Батареямен жүретін автокөліктердің көпшілігі — 1,2 мыңы немесе 63,9%-ы Алматы қаласында тіркелген. Екінші орында үлкен айырмашылықпен Астана қаласы. Елорда жолдарында бар болғаны 249 электрокөлік жүр. Дипломатиялық нөмірлері бар электркөлік иелері (олардың саны 13) өз есептерінде тұрғылықты жерін көрсетсе, бұл көрсеткішті көбірек болар еді.
Үздік үштікте сонымен қатар, 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, 100 экокөлік тіркелген Алматы облысы да кірді. «Жасыл» көліктер Солтүстік Қазақстан (2), Ақмола (4) және Ұлытау (4) облыстарында ең аз.