Қазақстандағы балық нарығы бес жылда бір жарым есе өсті. 2022 жылы еліміздің ішкі нарығында 83,8 мың тонна балық, шаянтәрізділер және моллюскалар сатылды. Салыстыру үшін: 2017 жылы бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болды: небәрі 58,3 мың тонна.
Соңғы бес жылдағы нарық көлемі әрқилы құбылды. 2017–2019 жылдары қазақстандықтар шамамен жыл сайын бірдей 50 мың тоннадан сәл астам балық сатып алды. Пандемияның бірінші жылында көрсеткіш екі еседен артық өсіп, 112 мың тоннаны құрады. Келесі екі жылда бұл көрсеткіштер тағы төмендеп, 80 мың тоннадан астам болды.
Осы жылдар ішінде нарық тек халық саны өзгергендіктен ғана емес, сонымен бірге жан басына шаққандағы тұтыну көлемінің артуы есебінен де өсті. ҚР Ұлттық статистика бюросының іріктемелік зерттеулерінің нәтижелеріне сүйенсек, соңғы бір жылда әрбір қазақстандық орта есеппен 14,1 килодан астам балық пен теңіз өнімдерін тұтынған. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 31,9% артық — ол кезде орташа тұтыну көрсеткіші жылына бір адамға 10,7 кило болды.
Айтпақшы, бесжылдықтағы жылдық тұтынудың максималды көлемі пандемияның бірінші жылында тіркелді: жылына жан басына шаққанда 15,1 кило. Бірақ бұл максимум да бір адамға 20,5 кило болатын әлемдік орташа көрсеткішке жетпейді.