Қазақстанда мақта талшығы мен маталар өндірісінің көлемі екінші жыл қатарынан азайып келеді

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қазақстанның киім, тоқыма және аяқ киім нарығының сыйымдылығы соңғы бір жылда 50%-дан астамға өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті. Жалпы саладағы отандық өнімнің үлесі 10%-дан 9%-ға дейін төмендеді. Импорт көлемімен салыстырғанда қазақстандық кәсіпорындар өздері небәрі 177,9 млрд теңгенің жеңіл өнеркәсіп тауарларын шығарады, тіпті отандық компаниялардағы өндіріс бір жылда ақшалай түрде 6% өскенін ескерсек те көрсеткіш тым аз. Бұл «„QazIndustry“ Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ мәліметтері.

ҚР-дағы жеңіл өнеркәсіптің даму деңгейінің төмендігінің негізгі себептері шикізатты қайта өңдеудің жүйелі проблемалары. Қазақстанда мақта тек Түркістан облысында, оның ең оңтүстік аймақтарында өсіріледі. ҚР СЖРА ҰСБ мәліметінше, 2022 жылы облыс диқандары 3,6 млн центнер мақта жинады, бұл өткен маусыммен салыстырғанда шамамен төрттен бірге (24,6%) көп. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, Түркістан облысында жиналған мақтаның тек 15%-ы ғана терең өңдеуден өтеді.

Шикізаттың негізгі бөлігі — бүкіл тоқыма өнеркәсібінің маңызды буындарының бірі — өңделмеген күйінде шетелге сатылады. Былтыр 30,2 мың тонна мақта талшығын экспорттап Қазақстан 66,8 млн АҚШ доллар тапты. Біздің тұтынушыларымыз Молдова, Латвия, Түркия, Өзбекстан және Қытай. Айтпақшы, соңғы үш ел Қазақстанға жіп, түрлі мата, үй тоқыма бұйымдарын және киім сатушы негізгі ел. Бұл сырттан әкелінген киімдердің біразы біздің мақтадан тігілген болуы мүмкін.

Шикізаттың қалған 15%-нан отандық кәсіпорындарда мақта және мақта маталары өндіріледі. Айтпақшы, соңғы бес жылда бұл өнімдердің өнеркәсіптік өндірісі күрт төмендеп, 2022 жылы ең төменгі көрсеткішке түсті. Мақта 48,8 мың тонна (2017 жылмен салыстырғанда 28,1% азайған), мата — 11,6 млн шаршы метр өндірілді (52,8% азайған).

Қазақстанда мақта талшығы мен маталар өндірісінің көлемі екінші жыл қатарынан азайып келеді