ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл екінші тоқсанда тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу қызметкерлерінің орташа атаулы жалақысы шынымен де 710,9 мың теңгені құрады. Соңғы бір жылда бұл көрсеткіш 20% артқан. Бірақ инфляцияны ескерсек, нақты жалақы 2022 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда өспей, тіпті 9,6% төмендеген.
710,9 мың теңге көмір өнеркәсібін, металл кендерін өндіруді, мұнай өнеркәсібін қамтитын бүкіл тау-кен өнеркәсібі бойынша орташа көрсеткіш екенін айта кеткен жөн. Егжей-тегжейлі қарасақ, шикі мұнай мен табиғи газ өндіруде жалақы жоғары екенін көруге болады: 1,2 млн теңге. Сәуір–маусым айларында тау-кен өнеркәсібінде кез келген қызмет көрсеткендер 746,6 мың теңгеге жуық қаражат алды. Дәл осы екі үлкен санат формальды түрде орташа салалық көрсеткішті арттырды. Металл кенін өндіру саласында биыл сәуір–маусым айларында атаулы жалақы 533,8 мың теңгені, көмір өндіруде — 503,9 мың теңгені, басқа пайдалы қазбаларды өндіруде — 292 мың теңгені құрады.
Егер атаулы емес, модальды жалақыны ескерсек, көрсеткіш одан да төмендейді. Бұл жыл бойы берілген бір саладағы жұмысшылардың ең көп тараған жалақысы. 2022 жылы тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істейтін қазақстандықтар көбіне 297,9 мың теңге алған. Бұл сол жылғы атаулы жалақыдан (653,3 мың теңге) екі есе аз.