Соңғы бес жылда Қазақстанда мемлекеттік білім гранты бойынша білім алған студенттер саны 49,6% өсті. Егер 2017 жылдың қыркүйегінде бар болғаны 137,8 мың адам болса, 2022 жылға қарай грант иегерлерінің саны 206,2 мың студентке жетті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі (ҒЖБ) 1 курс студенттері үшін грант санын жыл сайын көбейтіп отырғандықтан, тегін оқу мүмкіндігіне ие болған бақытты жандар көбейіп келеді. Мәселен, 2022 жылы тиісті ведомство үздік талапкерлерге 73 мыңға жуық тегін орын бөлсе, 2023 жылы қазірдің өзінде 88,2 мың орын бөлді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2025 жылға дейін грант саны жыл сайын 10% артады. Сонымен қатар, тиісті министрлік ішінара гранттар жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жүйе бойынша ҰБТ-да жинаған ұпайларына байланысты студенттер ЖОО-ға орналасады, ал олардың оқу құнының 30%-75%-ын мемлекет төлейді.
Былтыр барлық грант иегерлерінің үштен бірі дерлік (28%) инженерлік мамандықтарды алды: 57,8 мың адам. Екінші орынды болашақ ұстаздар мен тәрбиешілер иеленді: былтыр 43 мыңнан астам болашақ ұстаз бюджет есебінен еліміздің әр түрлі жоғары оқу орындарында білім алды. Үшінші орында әртүрлі IT мамандықтары мен байланыс секторының студенттері: 28,4 мың адам.
2022 және 2017 жылғы мамандықтар бойынша грант иегерлері санының құрылымын салыстыра отырып, мына үрдісті атап өтуге болады. Осы бірнеше жылда тегін негізде оқитын болашақ мұғалімдердің саны екі есеге жуық өсті: 2017 жылғы 24 мың адаммен салыстырғанда 43 мың. Осы арқылы ҚР ҒЖБМ соңғы жылдардағы бейби-буммен қатар өсіп келе жатқан педагогикалық кадрларға деген қажеттілікті толтыруға тырысуда. 2017 жылдан бастап технология және жаратылыстану ғылымдары секторында да өсім байқалды. Бірақ мемлекет есебінен оқыған болашақ дәрігерлер мен фармацевтер, керісінше, 5 мың адамға азайды.