Қазақстанда алтын өндірісі шамамен 10% өсті

Фото: https://www.shutterstock.com/

Былтыр Қазақстанның алтын өндіру өнеркәсібі үшін табысты жыл болды. Құрамында алтын бар кен өндірісі айтарлықтай өсті: 2022 жылғы қаңтар–желтоқсанда 39,4 млн тоннаға жетті, көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5% (немесе 6,4 млн тонна) артық. Құрамында алтын бар қойыртпа өндірісі аздап төмендеді: 11,9% азайып, 455 мың тонна болды.

Бұл ретте, өңдеу сегментінде өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндірісі 129,6 тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 13% өсті. Оның ішінде тазартылған алтын өндірісі 73,2 тоннаны (жылдық өсім 9,9%) құрады. Бұл рекордтық көрсеткіш: былтыр бұл көрсеткіш 69,8 тоннадан аспаған.

Айтпақшы, 2018 және 2020 жылдары сектордағы жылдық өндіріс өсімі бұдан да жоғары — 20% шегінде болды. Ал 2018–2022 жылдар аралығында тазартылған алтын өндірісінің өсімі 37,9%-ды құрады.

«Бағалы металдар және асыл тастар туралы» заң нормаларына сәйкес, ҚР аумағында өндірілген құрамында алтын бар барлық шикізат ел ішіндегі аффинаж зауыттарында өңделуі тиіс (кей жағдайларды санамағанда).

Қазақстандағы барлық тазартылған алтынның негізгі бөлігін үш ірі зауыт өндіреді: «Тау-Кен Алтын» (бас компания «Самұрық-Қазына» АҚ), «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургиялық кешені және «„Қазақмыс“ Корпорациясы» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының асыл металл цехы. Қазақстанның бағалы металл өндірушілерінің республикалық қауымдастығы мәліметінше, 2022 жылы барлық тазартылған алтынның 49%-ын «Тау-Кен Алтын» ұлттық зауыты өндірген (30-дан астам жер қойнауын пайдаланушылардан шикізат қабылдайды). Өндіріс үлесі бойынша екінші орынды «Казцинк» (39,1%), үшінші орынды «Қазақмыс» корпорациясы (10,4%) иеленді.

Қазақстанда алтын өндірісі шамамен 10% өсті