ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қағаз және картон өндірісі соңғы бір жылда 60,1 мыңнан 98,3 мың тоннаға дейін бірден 63,6% өсті. 2022 жылғы мәліметтерді 2017 жылдың көрсеткіштерімен салыстыратын болсақ, өсім үш есе болады. Биыл қаңтар–шілдеде өндірушілер шамамен 2022 жылдың ұқсас кезеңіндегі көлемді сақтай алды (0,3% азайған). Бұл санат статистикалық есептерде жалпылай көрсетілгендіктен, одан кеңсе қағазының көлемі бойынша ақпаратты алу мүмкін емес. Санаттағы өсім гофр картон өндірісіне байланысты болуы мүмкін.
Қағаз өнеркәсібінің кейбір ішкі санаттары да соңғы жылдары өсті, бірақ айтарлықтай емес. 2022 жылы 2017 жылмен салыстырғанда қағаз бен картоннан жасалған әртүрлі орауыш ыдыстар 41,7%, дәретхана қағазы 18,1% көп өндірілді. Айтпақшы, былтыр ғана Қазақстанда дәретхана қағазы азырақ көлемде шығарылды — өндірушілер бұл өнімге сұраныстың төмендеуіне осылай әрекет етті. Түрлі гигиеналық құралдар — орамал, сүлгі, майлық және т. б. өндірісінде көрсеткіш азайды: бір жылда 13,1% кеміген.
Бұл ретте сала бойынша жалпы салыстырмалы көрсеткіш — өнеркәсіп өндірісінің индексі соңғы бір жарым жылда салада тоқырау болғанын көрсетеді. 2022 жылы жалпы сектордағы өндіріс көлемі 1,1%, биыл қаңтар–шілдеде 1,8% ғана өсті.