Дамыған елдер органикалық тағамды қолдайды. Қазақстанда ауыл шаруашылығы компаниялары органикалық өндіріске көшуге асықпайды

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қазақстанда органикалық егіншілікті дамыту бәсең дамып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жалпы ауыл шаруашылығы алқаптарының тек 1,5%-ы ғана органикалық қағидамен өңделеді. Ішкі нарықта азық-түлік өнімдерін Organic қағидасымен сертификаттау жағы көңіл көншітерлік емес. Қазақстандық техникалық регламентпен экологиялық таза немесе органикалық өнім өндіргісі келетіндер көп емес. Дәнді дақыл мен көкөністі пестицидсіз, етті антибиотиксіз өсіру қиын және қымбат.

«QazTrade» АҚ мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің сарапшылары компаниялардың органикалық заттар өндіруге деген қызығушылығының төмендігін айтады. Бұл мәселенің баяу дамуының бірнеше себебі бар. Негізгі фактор — экономикалық. Органикалық өнімдерге ұлттық сапа белгісін алу үшін заңның барлық нормаларын сақтау қажет. Мысалы, пестицидтерді, гормондарды, антибиотиктерді, гидропоникаларды (көкөністерді жылыжайда өсіруге арналған субстрат) пайдаланудан бас тарту керек. Бұл талаптар егіс алқаптары, ветеринария, құрал-жабдықтар құнының өсуіне әкеледі. Қосымша шығындар өз кезегінде өнімнің ақырғы өзіндік құнын қымбаттатып, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Қазақстанда компанияны Organic стандарттары бойынша сертификаттай алатын екі ұйым бар — ҚР Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы және Дүниежүзілік органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы ұйымының мүшесі Qazaq Bio Control жеке компаниясы. Компания сайтындағы мәліметтерге қарағанда, қазір тек төрт компания сертификат алу рәсімінен өтіп жатыр. Олардың екеуі («Успенское» ШҚ және «Алтын-нан» ЖШС) Қостанай облысында, үшіншісі («Еңбек» ЖШС) Ақмола облысында, төртіншісі («Organic village» ЖШС) Алматы облысында. Барлығы өтпелі кезеңде. Бұл аккредиттеу сарапшылары осы шаруашылықтардағы және өндірістегі органикалық егіншілік стандарттарының сақталуын тағы бір жыл бақылайды деген сөз.

Дамыған елдер органикалық тағамды қолдайды. Қазақстанда ауыл шаруашылығы компаниялары органикалық өндіріске көшуге асықпайды