LMC Automotive мәліметінше, әлемде жаңа жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық көлік сатылымы былтырғы көрсеткішке жақындап қалды, 2022 жылдың қаңтар–қазан айларында 66,6 млн дананы құрады. Былтырғыдан бар болғаны 0,9% аз. Дегенмен, әлем бойынша жаңа автокөлік сатылымының қалпына келуіне, ең алдымен, автокөлік нарығының көшбасшысы — Қытайдың саудасы 8,2% өсіп, 21,9 млн данаға дейін көбеюі әсер етті.
Басқа елдерде — көлік нарығының алпауыттарында биылғы сатылым өткен жылғыдан әлі де төмен. Мәселен, АҚШ-та биылғы қаңтар–қазан айларында жаңа автокөлік сатылымы 11,3 млн болды, бұл былтырғыдан 10,8% аз. Сатылым Батыс Еуропада 9,6%, Жапонияда 7,2%, Оңтүстік Кореяда 4,2%, Шығыс Еуропада (Түркияны қосқанда) 29,1% азайды. Көршілес Ресейде жаңа көлік сатылымы бірден 59,6% төмендеді.
Ал Қазақстандағы жағдайдың жақсырақ екені сөзсіз: 2021 жылдың қаңтар–қазан айларымен салыстырғанда биылғы он айда сатылым 0,9% өсіп, 97,7 мыңға жетті.
ҚР-дағы жаңа автокөлік сатылымында брендтер ішінде, дәстүрлі түрде Chevrolet және Hyundai көшбасшы, олар республиканың автокөлік нарығының жартысынан сәл астамын құрайды.
2022 жылдың қаңтар–қазан айларында 27,6 мың жаңа Chevrolet, 22,4 мың Hyundai көлігі сатылды. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда Chevrolet сатылымы 10,7%, Hyundai сатылымы 15,4% өсті.