2022 жылы орталықтандырылған жылуға отбасылардың 54,9%-ы ғана қол жеткізген. Қалалар мен ауылдар бойынша орташа көрсеткіш тым алшақ. Қаладағы үйлердің 80,2%-ы жылуды ЖЭС немесе қазандықтардан алса, ауылда көрсеткіш 3,4% ғана. Ауылдық жерлерде орталықтандырылған жылу ілуде біреу.
Ауыл тұрғындары, әдетте, ыстық су мәселесін де өз бетімен шешеді. Ауылда тұратын барлық отбасылардың тек 1,5%-ның ғана үйі ыстық су жүйесіне қосылған. Ауыл үйлерінің 73,8%-ның үйлерінде су жылыту функциясы бар қазандық, жылыту элементі немесе газ қазандығы орнатылған. Дегенмен, қала тұрғындарының ыстық сумен қамту мәселесі де бар. Қалалардағы үй шаруашылықтарының 65%-ы ғана жүйеге қосылған. Жеке сектор халық көп шоғырланған жерлерде бұл көрсеткішті айтарлықтай төмендетеді. Қаланың ішінде орналасқанына қарамастан, қала маңындағы үйлердің тұрғындары да орталықтандырылған жылусыз және ыстық сусыз, индустриалды дәуірдегідей өмір сүреді және су сорғыштан су ішеді.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының іріктеу зерттеуінше, орталықтандырылған жылуға қосылу мәселесі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатындар жиі кездеседі. Кедей отбасылардың тек 31,7%-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған пәтерлерде тұрады, қалған 68,3%-ы пеш жағады немесе газ пайдаланады. Тұтыну шығындары ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын үй шаруашылықтары арасында бұл көрсеткіш жоғары: отбасылардың 55,4%-ы орталықтандырылған жылумен қамтылған.
Айта кетейік, статистика мамандары баламалы энергия көздерінен автономды жылумен қамтамасыз ету туралы мәліметтер бермеген. Таңдамалы зерттеуге қатысушылардың арасында (шамамен 12 мың отбасы) жел, күн немесе биоэлектр станциясынан жылыту жүйесі бар бірде-бір үй болған жоқ.