ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр желтоқсан айында 2021 жылдың соңғы айымен салыстырғанда азық-түлік бағасының индексі 125,3%, қоғамдық тамақтандыру қызметтері бағасының индексі 125,2%-ды құрады. Ұзақ мерзімді динамикаға қарағанда, бұл соңғы бес жылдағы бағаның ең көп өсуі.
Соңғы бес жылдағы сырттан тамақтану бағасының индекстері мен азық-түлік инфляциясының көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, онда бұл екі көрсеткіш осыншалықты жақын бола бермейді, дәлірек айтсақ, тек 2017-2018 жылдары ғана айырмашылық небәрі 0,7 пайыздық тармақ болған. 2019 жылдан 2021 жылға дейін дәмханалар, асханалар мен мейрамханаларда тамақтану бағасы жалпы азық-түлік бағасы сияқты тез өскен жоқ.
Бір қызығы, қоғамдық тамақтанудың экономикалық сегменті, атап айтқанда, асханалардағы түскі ас пен фастфуд ең көп қымбаттады: тиісінше 27,9% және 20,9%. Соңғы бір жылда мейрамханадағы кешкі ас 20,2% қымбаттады.
Дайын азық-түлік бағасының қымбаттауы қазақстандықтардың тұтынушылық әдеттерін өзгерткен жоқ. Ас мәзірі қымбаттаса да отбасының сырттан тамақтануына жұмсаған шығыны бірден 44,8% артты. Орта есеппен 2022 жылы бір қазақстандық отбасы дәмханалар мен мейрамханаларда тамақтануға 50,4 мың теңге жұмсады, 2021 жылы бұл көрсеткіш 34,8 мың теңгені құраған.
Тоқсандық мәліметтерге сүйенсек, қазақтар ауа-райы қолайсыз болған кезде дәмхана мен мейрамханаларға жиі барған. Мәселен, былтыр қаңтар–наурыз айларында орташа отбасының сыртта тамақтануға кететін шығыны бірден 24,2% өсіп, 11,6 мың теңгені құраған. Көрсеткіштің дәл осылай бірден өсуі төртінші тоқсанда да байқалды: ақша жұмсау 25,9% көбейді, бір тоқсандағы шығын 15 мың теңге.