Euromonitor International халықаралық нарықты зерттеу компаниясының алдын ала мәліметтері бойынша, Қазақстандағы электронды сауда көлемі былтыр 20,2% өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті (интернет арқылы қызмет көрсету саудасын қоспағанда). Бұл бір жыл бұрынғыдан 220,1 млрд теңгеге артық.
Үлкен өнім топтарын қарастырған кезде, санаттардың бірде-біреуі теріс динамика көрсетпегені байқалады. Қазақстандықтар интернет арқылы көбірек сатып алуда. Былтыр онлайн сауданың жалпы көлеміндегі айтарлықтай үлесті (32,4%) сән сегменті иеленді. Соңғы бір жылда қазақстандықтар интернетте киім, аяқ киім және түрлі аксессуарларды сатып алуға 423,9 млрд теңге (17% көбейген) жұмсаған. Екінші орында тұрмыстық техника мен электроника тұр, бұл санаттың үлесі 27,1%-ды құрады. Жоғары технологиялық тауарлар 11,6% өсіммен 355 млрд теңгеге жетті.
Азық-түлік сегменті де онлайн саудадаға ойысып жатыр. Электронды азық-түлік нарығының көлемі шамамен үштен бірге өсті: 35,4 млрд теңгеден 45,5 млрд теңгеге дейін. Сондай-ақ сусындар мен темекі интернет арқылы әлдеқайда үлкен көлемде сатыла бастады: 69,9 млрд теңге, бір жылда 23,3% көбейген.
Euromonitor International сарапшылары Kaspi.kz маркетплейсін 2022 жылы ҚР-дағы бөлшек электронды сауда сегментіндегі сауда көлемі бойынша ең ірі сауда алаңы деп атады. Компанияның 2022 жылдың қаңтар–қыркүйек айларындағы ашық есебінде бұл онлайн-платформаның таза пайдасы осы кезеңде 36% өсіп, 422 млрд теңгені құраған. Kaspi.kz белсенді тұтынушыларының саны 2021 жылмен салыстырғанда 8 есе өсті.
Рейтингтегі екінші орынды қытайлық электронды сауда магнаты Alibaba Group иеленді. Ресейлік кәсіпкер Татьяна Бакальчуктың «жидек империясы» тізімнің үшінші орнында. ҚР СИМ мәліметінше, 2022 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстандағы Wildberries сатылымы 92,4 млрд теңгеден асты, бұл Қазақстандағы барлық бөлшек электрондық коммерцияның 11,4%-ын құрады.