Биыл қаңтар–сәуірде мемлекеттік бюджет шығыны 7,8 трлн теңге болды. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім 27,1%.
Биылғы шығындардың басым бөлігі білім беру саласына жұмсалды: төрт айда 1,8 трлн теңге, бұл бір жыл бұрынғыдан 32,4% артық. Сондай-ақ басымдықтар қатарында әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру (1,7 трлн теңге, 19,8% көбейген) және денсаулық сақтау (807,9 млрд теңге, 7,9% көбейген) салалары бар.
Биыл мемлекеттік бюджет шығыны барлық бағыт бойынша өсті. Макросала бойынша отын-энергетика кешенi және жер қойнауын пайдалану шығыны айтарлықтай өсті (бір жылда 94,9%, 80,1 млрд теңгеге дейін), ал ең аз өсім қорғаныс өнеркәсібінде (4,9%, 349,3 млрд теңгеге дейін) байқалды.
Борышқа қызмет көрсету шығыны бір жылда 39,9% өсіп, 744,8 млрд теңге болды.